Қазақ күресінің тарихы
Қазақ күресінің тарихы ұлтымыздың өмір тарихымен тығыз байланысты. Балуандардың күш сынасуы ат жарысы, ақындар айтысы сияқты қазақ халқы өнерінің ажырамас бір бөлігі болып саналады. Қазақтар күш иесін «алып», «толағай», «балуан» деп атап, оны ерекше қасиет қонған адам ретінде таныған. Күрес – ұлттық мәдениетіміздің маңызды бір саласы болып табылады. Қазақтардың жыл он екі ай далада өмір кешіп, үнемі қозғалыста болу тірлігі, жас баладан бастап еңкейген кәріге дейін дене-күш дайындығына ерекше талап қойды. Қазақ елінде ат үстінде еркін отырудан бастап, садақ ату, күрес, жекпе-жек айла-тәсілдерін меңгеру ұл мен қызға бірдей қойылатын талап деңгейіне көтерілді
Халқымыздың ұлан-байтақ аумақта орналасуы, көшіп-қонып жүруге негізделген шаруашылығы және көршілес елдер салт-дәстүрлерінің ықпал етуі қазақ жерінде балуандық өнердің бір-бірінен айырмашылығы бар бірнеше түрлерінің дамуына негіз болды. Ертегі, аңыздарда, батырлар жырларында, тарихи және көркем шығармалар мен, археологиялық қазба деректерде күрестің бірнеше түрлері болғандығы туралы көптеген дәлелдер кездеседі. Қазақ топырағында балуандық өнердің ежелден келе жатқанын мына бір тарихи оқиғадан айқын аңғаруға болады. Осыдан 18 ғасыр бұрын 371-381 жылдар арасында ғұндар патшасы Баламбер (Атилланың алдындағы патша) өзінің жеңістері мен мемлекеттік шешімдерінен кейін үлкен той-жиын өткізіп, оның негізгі бір бөлігі ретінде ат жарыс, балуан күресі, садақ ату, найза лақтыру, аударыспақ, теңге алу, т.б. ойын түрлерін өткізген. Ал сол кездегі ғұндар тілімен осы ойын түрлері былай айтылған: Ээр-хүреш, Ат-хуреш, Ланса-хуреш, Шабарман-хүреш, Жебе-хүреш, т.б. Ээр – ер күшті мағынасында, Хүреш – балуан күресі мағынасын білдіреді. Біздің дәуірімізден 3 000 жыл бұрын салынған Бени-Гассан жеріндегі перғауынның табытындағы суреттерден Мысыр жауынгерлерінің ең маңызды жаттығуларының бірі күрес болғандығын көруге болады. Көне грек жазушысы Эллиан (б.з.б. II-III ғасырлар) сақтардың әдет-ғұрыптары туралы жаза келіп, мынандай деректер келтіреді: «…егер сақ жігіті үйленгісі келсе, алдымен өзінің болашақ қалыңдығымен күресіп жеңуі қажет. Олай болмаған жағдайда, жігіт сол қыздың қол астына күтуші құлы ретінде өтеді». Қазіргі Орталық Мексика жерінде өмір сүрген (б.з.б. 909 жыл) Мая мәдениеті тарихында доп ойындарымен қатар жекпе-жек түрлерінің де жақсы дамығандығы белгілі. Осындай сайыстар кезінде адамдар күрес әдістерін кеңінен қолданып, арнайы киім киген. Көне грек жазушысы Клавдий Элиан: «Сақ жігіті өзі ұнатқан қызға үйленгісі келсе, сол қызбен күресуге міндетті болған. Егер бұл белдесуде қыз жеңіске жетсе, онда жігіт соның қол астында қалып, бағынышты болады. Мықты, күшті жігіттердің ғана мерейі өсіп, билік жүргізген», – деп жазады. Ал, кіндік Азия елдерін шарлап, жиһангерлігімен аты шыққан итальян саяхатшысы Марко Поло да күрес өнері сақ елдерінде өркендеп өсіп, әскери-қолданбалы жаттығудың бір түріне айналғанын және жігіттермен бірге қыздардың да күреске түсетінін айтып, тарих шежіресіне тіркеген. Тағы бір саяхатшы, король Кастилий Генрих III-тің жіберген кісісі Рей Гонзалес Клавдихо өте-мөте құнды деректерді келтіреді. Ол даңқты қолбасшысы Темірдің сарайында ең күшті балуандардың белбеуден ұстап күрескенін тамашалайды. Бұл 1403-1406 жылдар аралығы екенін ескерсек, белбеуден ұстап күресудің ережесі әлдеқайда ертеден бастау алғанына көз жеткіуге болады. Темір әміршінің белбеуден ұстап күресуге қатты назар аударып, көз салып қарап отыруы туралы тың тарих жылнамасының мәні зор. Атақты, ауыр айқастарда жеңіске жеткен балуандарға алтыннан, күмістен, басқа да бағалы металлдардан жасалған сыйлықтар, тарту-таралғылар беріліп отырған. Тағы бір құнды жаңалық: атақты тарихшы Әбілқазы Бахадүрхан былай деп жазады: «Чурас деген бектің бірі айтты: «Осында бір күшті бар. Сол онымен күресіп көрсін. Егер ол оны жеңсе, мен мұсылман боламын. Моңғолдың күштісін алып келді. Шейх білекті түрінді. Әлгі балуан өте қарулы екен. Бірақ, Шейх оны кеуде тұсынан қатты ұрып еді, моңғол есінен танып құлап жатты… Әмір Чурас жағдайды көргеннен соң мұсылман дініне енді. Бұл күні 160 мың адам мұсылман дінін қабылдады. Содан бері Шағатай ұлысында ислам мемлекеттік дін болып жария етілді». Діни-саяси мәнге ие болған күрестің құдіретін осыдан-ақ білуге болады. Ру, тайпа өкілдерінің даңқты балуандарын бүкіл қазақ білген. Жылдар жылжып өтті, ғасырлар артта қалды. Содан бері қазақтың ұлттық спорты – күрес ешқашан тіршіліктен тыс қалмай, бірге жасасып келеді. Тарихи жазбаларда балуандық өнер туралы деректер өте көп. I.Жансүгіровтың “Құлагер” поэмасы мен Ғ.Мүсіреповтің “Ұлпан” романындағы балуандардың айқастары халықтың бауырынан бастау алған өнердің мәңгілік екенін дәлелдейтін бір ғана мысал. Батырлар жырларына зер салсаңыздар халықтың жекпе-жек өнеріне асыл мұра ретінде қарағанына күмән келтірмейсіз. Академик, ғалым Әлкей Марғұлан «балуан» сөзін көне түркінің «блбл» сөзінен шыққандығын айта келіп, Орхон-Енисей жазуындағы «балбал» сөзі «кемпір тас» қазіргі уақыттағы «балуан», яғни күшті, мықты, алып ұғымын беретіндігін көрсетеді. Қазақ күресін бүгінде әлемнің көптеген елдері танып білді. Қазақ күресінен өткізілетін жарыстар республикалық дәрежеден асып, Азия және Әлем біріншіліктері деңгейінде өткізіле бастады. ХХ ғасырдың бас кезіне дейін балуандар салмақ дәрежесіне немесе жас ерекшеліктеріне қарай күрескен. Ол уақытта «итжығыс», «бас аттау» сияқты тәртіптер болған. «Итжығыс» – екі балуанның күресуі кезінде болатын жағдай. Екі балуан бір-бірін жеңе алмаған жағдайда «итжығыс» болды деп күресті тоқтатқан немесе балуандардың екеуі де бір мезгілде жерге құлаған жағдайда «итжығыс» деп, балуандарды қайта күрестірген. «Бастан аттау» қазақ халқының көне ырымдарының бірі. Негізгі мағынасы – бір адамның екінші адамның басынан аттауы арқылы «күш» алу. Бұл түсінік бойынша жеңілген адамның «күші» жеңген адамға өтеді. Күресу кезінде жеңген балуан жығылған балуанның басынан аттаса жеңімпаз атанған. 1928 жылға дейін қазақ күресіне арналған бірыңғай ереже болған жоқ. Сондықтан күреске шыққан балуандардың жас ерекшеліктері, салмақ дәрежелері ескерілмеді. Балуандар күресі алдын ала өзара ауызша келіскен шарт бойынша өткізілді.

%d такие блоггеры, как:
Перейти к верхней панели