Ескертпе
Егер де материал көшірілетін болса, авторды мен сілтемені көрсетуді ұмытпаңыз. Материал авторлық.

 

Далабай Әнел-№ 79 негізгі мектебінің 8-сынып оқушысы

   Жетекшісі: Әбікенова Сәуле-№ 79 негізгі мектебінің тарих пәні мұғалімі

   Тарихтың өзекті арнасы – жеке тұлғалардың, тарихи қайраткерлердің туған еліне, халқына сіңірген еңбегін қоғамдық-саяси және әлеуметтік тұрғыдан зерттеу болып табылады. Жеке тарихи тұлғалардың өзінің азаматтық құқығының сақталуы, оның қайраткер ретінде қалыптасу мәселелеріне көп көңіл бөлінуі тиіс.

   Тарихшы С.Толыбеков Әбілқайырдың ата-тегін былайша таратады: “Әз Жәнібек сұлтанның тоғыз балаларының ішінен Өсеке сұлтаннан-Ырыс сұлтан – Ходжа сұлтан-Абдулла сұлтан тарайды. Абдулла сұлтанның балалары Жолбарыс хан, Нияз сұлтан, Әбілқайыр хан /1693-1748 ж.ж./, Досалы сұлтан”.

   Әбілқайыр ханның ата-бабалары қазақ хандығының негізін салушы Шыңғыс хан әулетінен шыққан Әз Жәнібектің кенже ұлдарының бірі Өсекеден тарайтынын тарихи деректер растап отыр.

   XVIII ғасырдың 20-шы жылдарының ортасына дейін хан тағында Жәнібек ханның баласы Жәдік сұлтанның ұрпақтары болды. 20-шы жылдардың ортасында бұл қалыптасқан дәстүрді Өсекенің ұрпағы Әбілқайыр сұлтан бұзды. Сонымен, Мұхаммед Әбілқайыр Ғази Баһадүр хан — Шыңғыс ханның 15-ші ұрпағы еді.

   Әбілқайыр хан билігіне, 1748 жылға дейін әлімұлы, байұлы, жетіру ұрпақтарынан басқа арғындардың, уақтардың, керейлердің бір бөлігі кірді. Олар Батыс Қазақстан өңірлерінде, Сырдария өзенінің оңтүстік-батыс жағалауымен Ембі, Жайық өзендерінің бойында қоныс еткен. Бірақ негізінен Әбілқайыр ханның бабалары ертеден Ташкент, Түркістан, Сайрам қалаларымен соларға тиесілі ауылдарды басқарған.

   1710 жылы Қарақұм құрылтайында, 1726 жылы Ордабасындағы ұлы жиында батырлық пен биліктің үндестігін іске асыра алған Әбілқайырға билер бастаған топтың назары бекерден-бекер тоқталған жоқ.

   Қазіргі таңда Әбілқайырдың хандық билікке келу мерзімі өзекті мәселе болып отыр. Әр түрлі ғылыми зерттеулердегі болжамдар мен деректердің шашыраңқылығынан болар, Кіші жүз ханының таққа отыру мерзімі өте даулы мәселе болып, ол туралы қарама-қайшы пікірлердің кездесуі сирек емес.

   Жоңғарлармен соғыста Әбілқайырдың жасаған қайсар ерліктері мен  шыға бастаған даңқы башқұрт тархандарының назарын аударды. 1709 жылы ойраттардың кезекті шабуылын тойтарғаннан кейін Әбілқайыр Алдар  Исянгельдиннің шақыруымен Аралдың терістігінен Шығыс Башкирияға, орыс үстемдігіне қарсы башқұрттар көтерілісі жүріп жатқан Ноғай даруғасының жеріне көшті. Белгілі башқұрт батырларымен, қазақ игі жақсыларымен, Әбілқайырдың өзімен тығыз байланыста болған Ташкенттік сарт Нұрмұхаммед Әлімовтің хабарлауынша,”Соңғы башқұрт бүлігіне Алдар жас Әбілқайыр сұлтанды шақырып, оны хан деп атады, ол Кіші Орданың ханы болды”.

   Сөйтіп, Әбілқайырдың хандық билікке өрлеуі 1707-1711 жылдар аралығында басталған деген қорытынды жасалады. Ал, тарихшы – ғалым К.Есмағанбетұлы Джон Кэстль күнделігіне жазған ескертуінде “Әбілқайыр хан болып 1710 жылы Қарақұмдағы бүкіл қазақ халқы елбасшыларының жиынында сайланған.

   1710 жылдың жазында Қарақұмдағы халық жиналысында жас Әбілқайыр Кіші жүздің ханы және бас қолбасшысы болып сайланды. Жастығына қарамастан Әбілқайыр ерлігімен, әскери шеберлігімен, басқару өнерімен танымал болды.[4]

   Әбілқайырдың үйлену тойы мен хандыққа сайлануы бір уақытта болды деген халық аузында сақталған аңыз әңгіме дұрыс болса, онда Әбілқайырдың “хан” лауазымына ие болуының дәл уақыты – 1710 жыл екендігі анық. Нақ осы жылды тарихшы К.Л. Есмағанбетов, М.Ж. Әбдіров, көрнекті каламгер Ә. Кекілбайұлы, академик М.Қ. Қозыбаев та Әбілқайырдың ақ киізге көтеріліп хан сайлануын Қарақұм құрылтайымен байланыстырады. Кіші жүз ханы Әбілқайырдың хандық билікке келуіндегі тарихи мәліметтерге көз жүгіртсек, XIX ғасырдың ортасында Орынбор өңірінің зерттеушісі В.Н Витевский: “Кіші жүз ханы болып Әбілқайыр 1710 жылы сайланған”,- дейді. Бұл мәліметтің бір қызықтысы В.Н. Витевский ешқандай да белгілі бір тарихи деректерге, ғылыми еңбектерге сілтеме жасамайды. Бұл туралы зерттеуші И. Ерофеева да өз еңбегінде көрсетеді.

   Ендігі кезекте мемлекет қайраткері-Әбілқайыр ханның жанұясына тоқталайық. Әбілқайырдың 1710 жылы хан сайланғандығын орыс зерттеушісі В.Н. Витевский де растайды. Бопайдың 1709 немесе 1710 жылы тұрмысқа шыққандығы, тұңғышы Нұралының туған жылымен де (1710/11 – 1790) дәлелденеді. Әбілқайырдың Бопайдан басқа тағы да екі қазақ, бір қалмақ, бір башқұрт әйелі болған. Әбілқайырдың бірінші әйелі туралы ең алғашқы мәліметтер А.И. Тевкелевтің 5 қазан 1731 жылы жазылған  журналында көрсетіледі. Бірінші әйелінен Әбілқайырдың бір қызы болды. Яғни, бірінші әйелі (Тоқтамыс сұлтанның әйелі) — адайдан; тек өмірлік серігі емес, саясатта да кеңесшісі болған төре тұқымынан шыққан – Бопай екінші әйелі; ал, қалған Әбілқайырдың үшінші әйелі – Еділ қалмағының тұтқынға түскен Цайроши деген қызынан Шыңғыс есімді ұл және екі қыз туды. Төртінші әйелі – башқұрт қызы, ол — кейін патша өкіметінің езгісіне қарсы көтерілген Қаратай сұлтанның анасы.

   Әбілқайырдың алдында үш жүздің ханы болу жоспары да көзделді. Әбілмәмбет, Сәмеке және Әбілқайырдың арасында үш жүздің Бас хан мәртебесіне күрделі бәсекелестік жүргізілді. Әбілқайыр Бас хан атағын ала алмады. Бұған қатты күйінген ол, өз әскерін алып  ордасына қайтты.

   Осыдан кейін Әбілқайыр бас билікке жету үшін басқа әдіске көшті. Енді Әбілқайыр Ресей империясының құрамына кіріп, орыс әскерінің көмегімен жоңғарлар 1723-1725 жылдарда тартып алған қазақ жерлерін – Ташкент, Түркістан, Сайрамды қайтарып алғысы келді. Ал бұл оның Қазақстандағы хандық билігін нығайтуға жол берер еді. Бұдан басқа хан Кіші жүз жеріне Еділ қалмақтарының, башқұрттардың, Орал казактарының шабуылдары тоқтайды деп сенді.

   Сондықтан да болар, 1726 жылы Ордабасы жерінде бүкіл халықтың алдында үш жүздің бас билері – Төле, Қазыбек, Әйтеке және басқа да тұлғалар-сұлтандардың келісімімен Әбілқайырды жалпы қазақ әскерінің бас қолбасшысы  етіп сайлады. Әбілқайыр дәуірінде әр жүздің басында отырған ханға қарағанда, жалпы қазақ жасағының бас қолбасшы мәртебесі жоғары тұрған болар. Себебі, қазақтардың басты мақсаты шапқылақтаған жаулардан мемлекеттілікті қалай болса да сақтау, олай болса Әбілқайырды нақты болмаса да, бас қазақ ханы деп таныған шығар.

   Әбілқайырдың Кіші жүз ханы болғанымен, ол Орта жүздің де кейбір руларына билігін жүргізді. Халқының жағдайын ойлай отырып, билігінің өктем болуына назар аударды. Қоршаған жауларын жеңіп өз билігін нығайту үшін қолынан келген бар мүмкіншілігін істеді. “Кіші жүз ханы Әбілқайыр өз заманындағы басқа қазақ хан-сұлтандарынан ақыл-ойы озық тұлға”,- деп жазады П.И. Рычков.

   Жалпы алғанда, А.И. Добросмыслов, И.И. Крафт, В.Н. Витевский, А.И. Макшеев, И.И. Завалишин, т.б. сияқты авторлар Әбілқайырдың жеке өзіндік қасиеттерін жарыса сипаттайды. “Әбілқайыр хан барлық қазақ-қайсақ хандарының ішіндегі атақтысы және ақылдысы” делінсе, Кіші жүз хандығы  дәуірінде орыс елшісі қызметін атқарған А. Тевкелев: “Әбілқайыр өзінің бойына тән ақылы мен кулығы да бар адам”,- деп мінездеме берген . Дипломатиялық қызметке қажет қасиеттерінің бірі, “саяси достары мен дұшпандарын айыра білу” бұл туралы өз кезегінде В.Н.Витевский сүйіспеншілікпен жазды.

   Әбілқайырдың өліміне алып келген себептерді талқылауда зерттеушілер әртүрлі пікір айтады. Біреулері, Барақ Әбілқайырды орыстық саясаты үшін өлтіргені туралы айтады. Енді екіншілері, хан Барақ басында тұрған ақ сүйектерінің құрбаны болғаны туралы айтады. Үшіншілері, хан тағына күрес барысында таққа дәмелі болған Батыр сұлтан Барақ арқылы өзінің жолынан Әбілқайырды алып тастады. Бірақ, ол өз мақсатына жете алмады, себебі хан тағына Әбілқайырдың ұлы Нұралы отырды. Осы бірнеше пікірлердің ішінде біріншісі шындыққа сәйкес келмейді. Ол қоғамның белгілі топтарының антиорыстық көзқарас идеясын айқындайды, сол арқылы Барақ сұлтанды ақтап алғысы келетіндігі көрінеді.

   Екінші пікір шындыққа жақынырақ, себебі, ол сол кездегі нақты жағдайды анықтайды. Барақтың Әбілқайыр хаңдікіндей қоғамда беделі болмады. Үшінші пікір екінші пікірге сәйкес келеді. Барақ пен Батырдың мүдделері ортақ болды.

   Әбілқайыр ханның тағдыры өзі өмір сүрген қайғылы уақыт сияқты драмалы болды. Соңғы жылдардағы ғылыми зерттеу жұмыстарында осы екі тұлғалар арасындағы қарым-қатынастардың саяси жақтарына көп назар аударған. Әбілқайыр хан мен Барақ сұлтан арасындағы жанжалдың себептерін, сондай-ақ Барақтың ханды өлтіруінің жағдайлары жөнінде мәліметтер Жәнібек батырдың И.И. Неплюевке жазған хатында көрсетілген. Барақтың Әбілқайыр хан жағына көшіп келген қаракалпақтарға шабуыл ұйымдастыруы жанжалдың себебіне айналады. Екі тараптың қақтығысы Торғай мен Ұлқұяқ өзендері арасындағы жерде өрбіді.

   Қазақ халқының хандарына сай Әбілқайырдың да жеке мөрі болған, онда “Мұхаммед Қазы Бахадүр Әбілқайыр хан” деп жазылған. “Бахадүр” деген лауазым тек жаужүрек сардарлығымен мәлім болған және өзінің әскери жетістіктерімен даңққа бөленген ардақты тұлғаларға ғана берілген. Олай болса Әбілқайыр мемлекеттік лауазымды істерде үлкен орын алған/48/. Оның батырлығы туралы Е. Бекмаханов: “1730 жылы Кіші жүз қазақтары мен жоңғар басқыншыларының аса ірі шайқасында Бөкенбай, Есет және Әбілқайыр хан өздерінің батылдылығымен ерекше көзге түсіп, халық оларды батыр деп атап кетті”,- деп жазды.

   Қалай десек те, өз заманында Әбілқайырдың даңқы көкке көтерілді. Оның есімінің өзін “атағы”, “мәртебесі” деп қарауға болады, өйткені көптеген орыс тіліндегі тарихнамаларда “Абул-Хаир” екі бөліп жазуын Әбіл “жақсы”, ал, Қайыр “батыр” дегенді білдіреді деседі.

   Сол дәуірдегі қазақ әйелдері мемлекет істерінен тыс болатын. Бірақ, хан тағына кім отыратынын бекітуді үлгермей Әбілқайыр хан кенеттен қайтыс болғандықтан, енді Бопай ханымның алдында күрделі іс тұрды – хандыққа өз балаларының біреуін отырғызу.

   Бопай ханым А. Тевкелевтің назарын хан балаларына аудартуды тырысты. Ханым оны Әбілқайыр хан ұрпағына хан өлімі үшін кек қайтаруға көмектесуді сұрады. Бірақ Сыртқы Істер Коллегиясы көрнекті шыңғысхандықтардың арасындағы жанжалға кірісуден бас тартты.

   Бопай ханым Барақ сұлтанның әр қимылын қадағалап, Орынбор басшылары мен ойраттарды өз жағына қаратуға тырысты. Барақтың жоңғар ханының келісімімен ойрат жеріне өтуге тырысқанын Бопай білетін. Шынында да, Барақ Әбілқайыр өлімінен кейін іле-шала ойрат басшысына істің мән-жайын өз ықтиярына қарай сәлемімен елшілігін жіберген болатын.

   Барақтың алдын алғысы келген ханым, 1748 жылдың қыркүйек айының басында ойрат басшысы Цеван-Доржыға хат жіберді. Хатта ханым оны Әбілқайырдың өлімі үшін Барақтан кек алуға қосылуды сұрады.

   1748 жылдың 2 қазанында Нұралы хан болып сайланады. Аз уақыт үзілістен кейінгі билік қайтыс болған ханның ұрпағының қолына тағы көшті.

   Бопай Әбілқайырмен бақытты да жарасымды өмір кешті, оның қайғы-мұңын да, қуанышты сәттерін де бірге бөлісті, екеуінің өмірлік мұраттары да астасып жатты. Олар бес ұл сүйді: Нұралы (1710/11-1790), Ералы (1721 ж. шамасы – 1794), Қожахмет (1722 ж. шамасы -1749), Айшуақ (1723/24-1810/11), Әділ (1750 ж.ө.). 1749 жылы 1 шілдеде Бопайдың И. Неплюевке “қолымда кішкентай қызым қалды” (“малолетная дочь”) деп жазуына қарағаңда, ол Әбілқайырдың қазасынан 3-4 жыл бұрын туған деп жорамалданады.

Әбілқайыр хан нағыз саясаткер және әскербасшы ретінде ғана емес, сонымен  қатар династияның негізін қалаушы ретінде де қымбат. Ол династияның   өкілдері: алғашқы генералдар Жәңгір хан Бөкеев, Баймұхаммед Айшуақов, Мұхамеджан Баймұхаммедов және армия генералы Ғұбайдұлла Жәңгіров, атақты сазгер Дәулеткерей Шығаев, белгілі ақын Шәңгерей Бөкеев, Ішкі Бөкей Ордасындағы қазақ әйелдер мектептерінің негізін қалаушы Хосни Нұралыханова, II Мемлекеттік Дума депутаты Бақытжан Қаратаев пен Ғабдолхәкім Бөкейханов, Құрманғазы атындағы оркестрінің негізін қалаушылар Науша мен Махамбет Бөкейхановтар және т.б. Бүгін де Әбілқайырдың ұрпақтары (Бөкейхановтар, Сейдалиндер, Шығаевтар және т.б.) оның атын мақтанышпен алып жүр.

Әскери дарындылығы мен шеберлігі арқасында, әрі шайқастарда ержүректілігін көрсете білген Әбілқайыр қазақ халқының кең даласында үлкен атаққа ие болды Әбілқайыр көрші елдердің шабуылын болдырмауда белсенді ішкі саясат жүргізді.

Кіші жүз ханы Әбілқайырдың үлкен әскери жетістіктері – 1726 жылы көктемде Торғай даласында Бұланты өзені бойында, “Қалмақ қырылған” деп аталған Қара сиыр деген жерде, 1729 жылы Балқаш көлінің солтүстік-шығысында Аңырақай даласында үш жүздің әскери күшіне бас қолбасшы болған Әбілқайырдың үлесімен жоңғарлар талқандалды.

Бұндай жеңістерге жету негізі – Әбілқайырдың жауды қоршауға алып, тылмен байланысын үзіп, жеке-жеке жойып отыру әскери әдісін қолдануы. Жалпы, оның жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте зор ерлік көрсеткенін көптеген зерттеушілер сүйсіне жазды.

Қайткенде де, өз заманының перзенті Әбілқайыр Шығыс халықтарының тарихында ірі саясаткер, мемлекет қайраткері, күшті әскери қолбасшы ретінде елеулі орын алды. Халқының қиын — қыстау тарихында дипломат-мәмілегер, данышпан қолбасшы, өз ұлтының бірлігі мен жерінің тұтастығын сақтауға жан аямай күш салысқан ірі мемлекеттік тұлға ретінде танылды.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  • Толыбеков С. Қазақ шежіресі. – Алматы: Қазақстан, 1992. -144 б.
  • Құдайбердіұлы Ш.Қ. Түрік-қырғыз һәм хандар шежіресі. –Алматы:
  • Қазақстан және Сана, 1991. -80 б.
  • Абдиров М.Ж.  Хан Мухамед – Абулхаир ІІ // Простор. – 1993. №12. – с.243-
  • Ерофеева И.В. Казахсие ханы и ханские династии в ХҮІІІ- сер.ХІХ вв. /Культура и история Центральной Азии и Казахстана: Проблемы и перпективы исследования. – Алматы: МН-АН РК, 1997.-с.
  • Рычков П.И. ,Рычков Н.П. Капитан жазбалары. – Алматы: Ана-тілі,  1995.
    -102 б 
%d такие блоггеры, как: