Әлеуметтік жұмыскер іс-әрекетінін негізгі категориялары: адалдық, мейірімділік, борыш, қайырымдылық, жауапкершілік, т.б. Әлеуметтік жұмыс кәсіп ретінде. Қайырымдылық туралы түсінік. Әлеуметтік жұмыскердін кәсіби кодексі. Әлеуметтік жұмыскерлерге қойылатын моральдық талаптар. Әлеуметтік жұмыскердің адамгершілік мәдениетін қалыптастыру құралдары мен жолдары.

 

Жалпы адамзаттық құндылықтар мен құндылықты бағыт-бағдарлар

Әлеуметтік жұмыскер мəдениетінің негізі оның жалпы адамзаттық құндылықтарға қатынасынан көрінеді. «Құндылық» термині болмыстың белгілі құбылыстарының адами, əлеуметтік жəне мəдени мəн-мағынасын білдіру үшін қолданылады. Адам қызметіндегі заттар, қоғамдық қатынастар жəне олар қамтыған табиғат құбылыстары құндылықты қатынастар нысандары ретінде танылған бағалы заттар сипатында іс-əрекетке қосылады, яғни бұлардың бəрі де жақсылық пен жамандық , шындық пен жалғандық, əсемдік пен ұсқынсыздық, əділдік пен əділетсіздік жəне т.б. тұрғысынан пайымдалады. Белгілі құбылыстарды бағалауға негіз болған тəсілдер мен өлшем-шектер субъектив баға түрінде қоғамдық сана мен мəдениетте бекиді де адам əрекетін бағыттаушы құралдарға айналады. Қалыпты тəртіптік ұғым формасына енген мұндай құралдар түрі: ұстанымдар жəне бағалар, бұйрықтар мен шектеулер, мақсаттар мен жобалар.

Сонымен, заттай жəне субъективті құндылықтар адамның өзін қоршаған дүниеге болған құндылықты қатынастарының екі қарама-қарсы (полярлы) шегін аңдатады. Адам іс-əрекеті құрылымындағы құндылықты тараптар танымдық жəне еріктік құндылықтармен өзара тығыз байланысқан.

Əрбір тарихи нақты қоғамдық құрылым (формация) өзіне тəн құндылықтар жиынтығымен ажыралады. Ал одан түзілген жүйе əлеуметтік реттеудің аса жоғары деңгейі сипатында көрінеді. Бұл жүйеде қоғам не əлеуметтік топ мойындаған өлшем-шек, талаптар (критерии) белгіленеді. Тұлғалық деңгейде меңгерілген бұл талаптар тұлға қалыптастырудың негізіне алынып, қоғамды қалыпты тəртіпте ұстауға жəрдемдеседі.

Қоғам өмірінің кезеңдерінде құндылықтар жүйесі өзгеріске түсіп, ауысып барады. Құндылықтар өзіне тəн ерекшеліктерге ие. Олардың кейбірі тарихтың қай кезеңінде де өз маңызын жоймайды. Мысалы, ежелгі дүниенің тарих сахнасында өшкенімен, онда мұрат етілген эстетикалық құндылықтар əлі күнге дейін өз маңызын жоғалтқан жоқ. Ортағасырлық ағару (просвещение) дəуіріндегі гуманистік, демократиялық идеялар бүгінгі заман қызметіне жарауда.

Қоғамдағы құндылықты қатынастардың аса маңызды элементтерінің бірі – құндылықты бағыт-бағдар.

Құндылықты бағыт-бағдар – бұл стратегиялық өмір мұраттары жəне жалпы дүниетанымдық алғы шарт ретінде танылған құндылықтардың адам санасында бейнеленуі.

Қалыптасқан, тұрақты құндылықтар бағыттарының жиынтығы тұлға тұрақтылығын, қажеттер мен қызығулар бағдарында көрінген əрекет-қылық жəне іс-əрекет типтерінің өзара байланыса, ұштасуын қамтамасыз етеді. Осыдан, құндылықты бағыт тұлға сеп-түрткілеріне (мотивтеріне) себепші, реттеуші маңызды жағдаят (фактор) ретінде іске қосылады. Құндылықты бағыт-бағдарлардың негізгі мазмұны – адамның саяси, философиялық (дүниетанымдық), адамгершілік наным-сенімдері, терең əрі тұрақты бейімділіктері, қылық-əрекет, мінез принциптері. Осыдан, қай қоғамда да тұлғаның құндылықты бағыт-бағдары тəрбие жəне мақсатты ықпал жасау нысаны ретінде қарастырылады. Олар арқылы еріктік күш салу, зейін, ой-өріс бағдарлары анықталады.

Құндылықты бағдардың дамуы –тұлға кемелінің белгісі, оның əлеуметтенуінің көрсеткіші, құндылықты бағыттардың тұрақты бірлігі тұлғаның келесідей сапаларының дамып, орнығуына себерші болады: тұлғаның тұтастығы мен сенімділігі , белгілі мұраттар мен принциптерге адалдық, осы мұраттар мен принциптерді іске асыру жолында ерік күшін аямауға қабілеттілік, өмірлік ұстанымдарға орай белсенділік, мақсатқа жетуде табандылық пен өжеттік.

Құндылықты бағыттар арасындағы қайшылықтар əрекет-қылық пен мінездегі тұрақсыздықты туындатады. Құндылықты бағыт-бағдардың мешеуленуі адамның селқостығы мен енжарлығына себепші болады.

Бүгінгі күнде əлем елдерінде əрқилы құндылықтар жүйесі қабылданған. Осы заманғы гуманистік педагогика олардың арасында жалпы адамзаттық келесідей құндылықтарды аса маңыздылар қатарында алға тартады: адам құқы, адамды ең жоғары құндылық ретінде тану, бала тұлғасы мен оның қадіріне құрмет; бала еркіндігі мен даму құқын қорғау; білім жəне тəрбиедегі демократиялық принциптерді берік ұстану.

Адам құқы жəне еркі – жалпы адамзаттық құндылық, себебі олар адамзаттың жалпы мүдделерін танытады, əрқилы халықтардың , діндер мен дəуірлердің рухани мұраттарын жақындатады əрі туыстырады. Барша халықтар туындыларын сыйлауға, бағалау мен қорғауға үйрену – бұл ұлттық жəне ұлтаралық ынтымақтың белгісі ретінде қабылданған жалпы адамзаттық құндылықтарды сезіну жəне қабылдау нышаны.

Бүгінгі Қазақстандық қоғамда құндылықты бағыттар қатарында ұлтжандылық, отаншылдық сезімдері, яғни өз халқымызды, оның салт-дəстүрін, тілін, мəдениетін, əдеттерін, туған ел табиғатын құрметтеп білу- жоғары маңызға ие болып отыр. Сонымен бірге əрбір адам үшін жоғары құндылық – бұл өмір, тіршілікке болған қамқорлық, гуманистік қатынастар негізі – əр адамның өз басын сыйлауы, өз адамгершілік сапаларына болған құндылықты қатынас; ата-ананы, туған-туысқанды, отбасы, бала-шағаны ардақ тұту, табиғатты аялау жəне ең жоғары инабатты құндылық ретінде еңбекті қадір ету.

Жалпы адамзаттық құндылықтар арасында ұлттық құндылықтар шегерілмейді. Керісінше, осы ұлттық құндылықтар арқылы көрінеді. Алғашқыда осы ұлттық формада көзге түскен қайталанбас соны жетістіктер уақыт өте жалпы адамзаттық құндылыққа өтеді (мысалы, жақын уақыттың өзінде қазақ домбырасын жетекші күй аспабы ретінде танытқан «Ұлытау» триосының Голливуд жеңімпазы аталып, бүкіл əлемге танылуы).

Қоғамдағы азаматтық, гуманистік құндылықтардың бекуі, өз міндеттері мен құқықтарының өзара тəуелділігін сезінуші əрі азаматтық ұстанымы бар ерікті тұлғаны қалыптастыру көбіне тəрбие жəне оқу жүйесіне байланысты. Заман ерекшелігін ескерумен түзілген құндылықты бағыттардың дамуынан əр адам өзін планета азаматы, əлем адамы санатында сезінуге мүмкіндік алады.

Жалпы адамзаттық құндылықтарды түсіне танудың негізі қоғамға бағытталған идеялардың, сезімдердің, ұғымдардың қалыптасуына; ұлттық жəне жалпыадамзаттық құндылықтарды байланыстыра білуге; қоғамға жəне басқа адамдарға болған қатынастарға орай құқы мен міндеттерін зерттеп тануға; азамат құқы мен міндеттерінің бірлігін түсінуге; азаматтық мінез-құлық пен сезімдерді тəрбиелеуге; пікір жүргізу еркіндігінің дамуы мен көңіл-күй ортақтығын сезінуге жəне т.б. орайлас келеді.

Жалпы адамзаттық құндылықтарға бағыт-бағдар тəрбие мазмұнының ажыралмас бір бөлігі.

 

Моральдық құндылықтар дін негізінде бірнеше топқа бөлінеді.

А) Иудаистік моральдық құндылықтар

Ибраһимдік (аврамдық) діндердің ең көнесі болып табылатын иудаизм (жөһит діні), одан кейін христиан діні мен ислам келеді. Бұл дін бойынша жөһиттер (еврейлер) Яхвемен анттасқан, Жаратқанның артықша туындысы, таңдаулысы деп танылады. Яхудийлер Моисейдің декалогымен, яғни он қағидасына бағынышта өмір сүреді. Олардың алғашқы үшеуі Яхве Құдайды құрмет тұтуды талап етеді. Тертінші өсиет бойынша жөһиттер сенбі күні барлық әрекеттерді қалдырып, тек Құдайға жалбарынуға арналғандығын есте ұстауы керек. Келесі өсиет бойынша ата-ананы қадірлеу керек. Ал алтыншысынан оныншы өсиетке дейін адамдар арасындағы қарым-қатынастарды реттеуге қатысты нормалар қарастырылады. Онда кекшіл болма, кісіге кол жұмсама, өтірік айтпа, біреудің мүлкіне көзіңді сүзбе деген сияқты қағидалар келтірілген. Соңғылары кейіннен христиан дінінде де, мұсылман дінінде де маңызды орынға ие болған қағидалар.

Б) Христиандық моральдың ерекшеліктері

Христиандық дін — сүйіспеншілік, төзім діні. Христиандық қасиетті үштік — сенім, үміт және сүйіспеншілік бұл діннің мораль мәселелерін қаншалықты жоғары қойғандығын көрсетеді. “Құдай патшалығы өз ішіңде!” деген сөзде терең мағына жатыр. Күнделікті өмірде ақ пен қара қалай аралас жатса, жақсылық пен жамандық, мейірімділік пен зұлымдық та солай біте қайнасып кеткен. Ал христиан дінінің орталық сенімі бойынша апокалипсистен, ақыр заманнан кейін адамдар мидай араласқан бұл күйден арылады. Өйткені жақсы — жақсылық ретінде, жаман — жаманшылық ретінде басын ажыратып, өз жауабын тартады. Сол күйге адамдарды алдын ала даярлау үшін адамзатқа мессия — Иса келді деп есептеледі. Адам-Құдай өзінің қасіретті өмірінің үлгісімен жақындап келе жатқан қиямет-қайымға адамдарды даярлау үшін, яғни олардың рухани жетілуін қамтамасыз ету үшін арнайы осы күнәкар әлемге жіберілген.

Құдай адамдардан көрген қиянаттарына қарамастан оларды сүйеді — олар үшін өз жанын пида етеді. Бұл өнегесімен Иса сүйіспеншілік жолы — ауыр жол, бірақ маңызы жағынан оған жетер ештеңе жоқ деген ойды танытады. Егер сүйіспеншілік болмаса, онда қалатыны — жаугершілік. Ал ол дегеніміз — адамзаттың өз басын өзі өлімге тігуімен парапар. Өзің ұнататын жанды, сенің өзіңді кадірлейтін басқаны немесе өзіңе жақын қандасыңды сүю заңды әрі оңай, ал шынайы сүйіспеншілік сенің қарсылас жауыңды немесе дұрыс жолдан тайған пақырды сүйе білуіңнен көрінеді. “Жауыңды сүй!” деп ұрандатқан Иса адамдарға олардың арасында кездесетін қырғиқабақтықты жеңудің бұдан басқа жолы жоқ екендігін айтады. Христиандық сүйіспеншіліктің сипаттамалары:

  1. Төзімді сүйіспеншілік, өйткені басқа адамдарға кызмет етуді көздейді;
  2. Үнемі әрекет үстінде көрінетін сүйіспеншілік;
  3. Бас пайданы ойламаған сүйіспеншілік, себебі ізгілік, мейірімділік сияқты сүйіспеншілік өз құрметін өз бойында ала жүреді.

Осындай шынайы құрбандық, жанпидалық сүйіспеншіліктің арқасында ғана біз көпке күші жететін зұлымдықтың қолынан келмейтін нәрсені — жауласқан адамдар арасын жақындастыруды мүмкін ете аламыз.

В) Ислам діні уағыздайтын моральдық құндылықтар

Ислам діні де христиан діні сияқты ұлтшылдықты, нәсілшілдікті жақтамайды. Құдай алдында, адам алдында таза, адал, мейірімді адам ғана басқалардан жоғары тұрады. Өзінің түбірлес діні — христиандық сенім сияқты ислам да бейбітшілік, татулық, тыныштық діні. Ол кешірімділік пен хош көрушілікті уағыздайды.

Исламның этикалық тұрғыдан қарастырғандағы өзгешелігі — оның адамгершілік құлықты басқа әлеуметтік қатынастарды реттеуші, қоғамдық сананың түрлерінен (діни рәсімнен, әдет-ғұрыптан, құкықтан) бөліп-жармай, бірлікте қарастыруы. Адамгершілік құлық нормалары Құранда жүйеленбеген. Онда жасауға болмайтын, яғни “харам” болып саналатын нәрселер бар; жасалуға тиісті нәрселер жиынтығы — “халал” бар; адам өмірінің белгілі бір сфераларын (неке, мұрагерлік, т.б.) реттеуші нормалар, нақты ахлактық ұғымдар (әділдік, мейірімділік, ұят, жомарттық және т.б.) келтірілген.

Құранда адамды дел-сал етуші, миын улаушы апиындық. өсімдіктерді пайдалануға, арақ-шарапқа тыйым салынған. Ішімдік індетіне діни бұғау салудың бұқаралық, тыныштық үшін де, отбасы тыныштығы үшін де қажеттілігі айдан анық. Тағамдардың ішінде Құран қан, жемтік, шошқа етін және Алла тағаланың аты аталмай бауыздалған малды жеуге тыйым салады. Әрбір адамның жеке бас тазалығына исламда көп көңіл бөлінеді — бес уақыт намазда дәрет алудан бастап, тұрған үй-ішінің тазалығына, тіпті киетін киімнің матасына дейін нақтылап көрсетілген.

Киім киюде болсын, үйді безендіруде болсын шектен шығып, асқан байлығына масаттануды ислам хош көрмейді. Әйел баласының тәнін ашып, жалаңаштайтын жеңіл-желпі, жұқа матадан тігілген киімдер киюін де Құран қаламайды. Құдайдың өзін тұрмақ, оның құдіретімен жаратылған пендесін, мақұлығын болсын ешкімнің бейнелеуге құқығы жоқ. Сондықтан да мұсылман өзінің үйін қаншалықты гүлмен, ою-өрнекпен безендіруге ерікті болса, соншалықты адам бейнесіндегі мүсіндермен, жалаңаш денелі суреттермен безендіре алмайды.

Ер мен әйел қатынастарында, жалпы адамның тәні мен нәпсі мәселесіне келгенде, Құран біржақты тақуалықты, өмірдің қызықтарынан безінуді жақтамайды. Соның куәсі ретінде исламда христиан дініндегі сияқты дін қызметіндегі адамдардың (монахтардың) тақуалыққа түсуіне, яғни әйел бала қызығын көрмеуіне жол берілмейді.

Жалпы, ислам діні өзінің жолын қуушыларға асқан қиын талаптар қоймайды. Ислам дінінің өзі нақты өмірге икемделген дін. Ислам діні — бейбітшілік діні, әділет діні, тазалық діні болғандықтан, тек ізгі әдеттерді марапаттайды.

Жалпы адамзаттық мүдделер мен құндылықтар – қоғамдық даму қажеттіліктеріне, адамзат атаулының мүдделеріне сәйкес келетін мүдделер мен кұндылықтар. Олар тап үстілік, ұлттық, аймақтық және басқа да жеке мүдделер басымдығына ие. Біздің кезімізде негізгі буын болып адамзаттың тіршілік етуіне қауіп төндіретін қарама-қайшылықтарды шешу табылады. Жаңа тарихи артықшылықтарды сезіну казіргі дәуірдің негізгі объективті императив болып отыр.

Әлеуметтік жұмыстың негізгі ерекше құндылықтары:

  • жақын адамға деген сүйіспеншілік, жан ашу, қиыншылықты бірге бөлу;
  • ниеттестік;
  • жағдайды өзгертуге деген мүмкіндікке сену;
  • көмек жасау ниеті мен жәрдемі;
  • білім жинау;
  • тәжірибе алу;
  • әлеуметтік шығармашылық.

Әдебиеттер тізімі:

  1. Медведева Н.О. Этика социальной работы. М., 2010.
  2. Социальная работа: теория и практика: Учеб. пособие / Отв. ред. д.и.н., проф. Е.А.Холостова, д.и.н., проф. А.С. Сорвина. – М: ИНФРА – М, 2009. – 427 с.
  3. Теория социальной работы: Учебник / Под. ред. проф. Е.И Холостовой. – М: Юристъ, 2010 – 334 с.
  4. Основы социальной работы: Учебник / Отв. ред. П.Д.Павленок. – 2-е изд., испр. и доп. – М.: ИНФРА – М, 2012. – 395 с.
  • Тетерский С.В., Введение в социальную работу: Учебное пособие. – М.: Академический Проект, 2011. – 496 с.

Похожие записи

Әлеуметтану

Әлеуметтік қызметкердің профессиограммасына қойылатын талаптар

  Заманауи қоғамның адамгершілік қатынастар жүйесінде кәсіби моральдың атқаратын рөлі мен алатын орны. Әртүрлі кәсіптерде қойылатын талаптардың мазмұны мен ерекшеліктері. Кәсіби моральдың түрлері. Заманауи әлеуметтік жұмыскердін кәсіби этикасы. Әлеуметтік жұмыскердін кәсіби этикасының негізгі ұғымдары және Подробнее…

Әлеуметтану

Әлеуметтік жұмысты қалыптастыру кезендердің дамуы

  Жоғары құндылықтар туралы мораль теориялары. Сократ пен Платон этикасының құндылықтары. Аристотель этикасының құндылықтар жүйесі. Эпикур этикасының құндылықтары. Утилитаризм құндылықтары. Кант этикасындағы құндылықтар.   Адамгершілік тәрбиенің күретамыры – мораль, этика, өнеге. Осы қасиеттерді баланың жас Подробнее…

%d такие блоггеры, как: