Тарих ғылымын зерттеу мен оқытуда жаңа бағыттар мен ұстанымдарды айқындау

Опубликовано Опубликовано в рубрике Пәндер / Предметы, Тарих
Авторы: Әбікенова Сауле

Ескерту
Егер де материал көшірілетін болса, авторды мен сілтемені көрсетуді ұмытпаңыз.

Еліміздің  тәуелсіздік   алуы   Қазақстан   тарихы   ғылымын зерттеу мен оқытуда терең бетбұрыстар жасады. Ең алдымен өзгеріс ғылыми-зерттеу жұмыстарының теориялық-методологиялық негіздерін  қамтиды. Бұрынғы тар шеңберлі, қасаң таптық позицияға негізделген методологиядан, жалпы адамзаттық құндылықтарды басшылыққа алған және ұлттық мүддеге негізделген методологияға бағыт алынды.

Тәуелсіз Қазақстан тарихшылары өз халқының тарихын ешкімге жалтақтамай ана тілінде жазуға мүмкіндік алды. Қазақ тілінде кандидаттық, докторлық диссертациялар дайындалып, қорғалды және монографиялық зерттеу жұмыстарды дүниеге келді.[1]

Тарихты оқыту-өзара байланыста және үнемі қозғалыста болатын құрауыштардың басын біріктіретін өте күрделі процесс. Ол оқыту мақсаты- оның мазмұны- білім беру және оны игеруге басшылық жасау- оқушылардың оқу әрекеті- оқыту нәтижиесі деген тізбекті құрайды. Оқыту процесіндегі қозғалыс оның ішкі қайшылықтарын жою барысында іске асады. Тарихты оқыту процесінің диалектикалығы сияқты әдістемені оқып-үйрену де үнемі даму үстінде болады. Тарихты оқыту әдістемесі қоғам алдында тұрған жас ұрпақты тәрбиелеудің кешінді міндеттерін іске асыруға қызмет жасайды.

Тарихты оқыту әдістемесі тарих ғылымдарымен бірге философия, әлеуметтану, мәдениеттану, педагогика, психология, дидактика талаптары логика сияқты ғылым салаларымен тығыз байланыста дамиды. Бұл салалардың материалдарын пайдалану шығармашылық сипат алады, өйткені әдістеме пәні оларды тарихты оқыту процесін жетілдіру мақсатында пайдаланады.[2]

Ал тарихты қалай зерттеу керектігін дүниежүзі тарихшылары әлдеқашан анықтап, тарих ғылымының теориялық-методологиялық негіздері мен зерттеу тәсілдерін жасап қойған. Бүгінде өркениетті елдерде тарихты зерттеудің әбден қалыптасып, пісіп-жетілген бірнеше жолдары бар. Біз әлемдік тарих ғылымының оң нәтижелерін негізге ала отырып, соларға сүйене отырып, төл тарихымызды өзінің ерекшеліктеріне сай зерттеуіміз керек. Сондықтан қазақ тарихын зерттеу үшін кәсіпқой тарихшылар алдымен тарих ғылымының озық технологиясын, теориялары мен методологиясын және зерттеу әдістерін меңгерулері керек. Тарихшы үшін әдіс дегеніміз- деректермен жұмыс жасай білу, яғни деректану ғылымын меңгеру деген сөз. Сонда ғана тарихшылар тарихты нәтижелі, сапалы түрде зерттеуге мүмкіндік алады. Әрине, тарихшы нақты дерекке сүйенуі керек. Бірақ ғылым үшін ол жеткіліксіз. Себебі дерек тарих ғылымның шикізаты ғана. Сондықтан оны өңдеуден, яғни деректанулық талдаудан өткізіп, пайдалануға жарамды ету қажет. Бүгінгі Қазақстанның тарих ғылымының ең осал жері де осында. Бұл өте күрделі мәселе. Оны түсіндіру үшін тарих ғылымының ішкі мән-мазмұнына тоқтала кетейік. Жалпы, ғылыми танымда да, ғылыми білімде де екі деңгей бар. Біріншісі – эмпирикалық деңгей, ол – тәжірибе арқылы танып, білу. Ол әдеттегі білім дегенге саяды. Яғни сыртқы ерекшеліктерге көңіл бөлу, суреттеу арқылы жүретін таным деңгейі деген сөз. Біз осы күнге дейін қазақ тарихын осы эмпирикалық деңгейде танып, жазып келдік. Біздің тарихымыз ауызша тарих айту дәстүрі туындыларында: шежірелерде, дастандарда, батырлар жырларында, яғни фольклорда бейнеленген. Тарихта болған оқиға, не құбылыс сол туралы айтылған өлең, жыр-дастандар арқылы ауызба-ауыз тарап, кейінгі ұрпаққа жетіп отырды. Халық сол арқылы өзінің өткенін білуге деген сұранысын қанағаттандырды. Демек, бұл, сөз жоқ, өте үлкен кезең болып табылады және эмпирикалық деңгей өз міндетін жақсы атқарды деп айта аламын. Дегенмен эмпирикалық деңгейде қалып қоюға тағы болмайды. Ол деңгейде қалып қойсақ, өткенімізді тек сыртқы көріністері арқылы ғана танитын боламыз. Эмпирикалық деңгейден жоғары таным деңгейі – теориялық деңгей деп аталады. Эмпирикалық деңгей тарихтың сыртқы көрінісін суреттейді дедік пе, ал теориялық деңгей болса оның ішкі мәнін ашуға мүмкіндік береді.

Зерде категориясы мен шежіре айту дәстүрі ұлттық тарихи білімнің қалыптасуы мен дамуындағы ең басты буын болғанмен, біз жалпы ұлттық тарихи білімнің қалыптасуы мен даму бағытын тұрмыстық, ғылымға дейінгі және ғылыма-теориялық деп 3-ке жіктеп, оның ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі құрылымын 7 дәуір, 5 кезеңге бөлуді жақтаймыз:

1-ші бағыт (тұрмыстық тарихи білім) 2 кезеңнен тұрады:

а) Тарихи білімнің пайда болу кезеңі;

б) Дәстүрлі тарихи білімнің қалыптасу кезеңі.

Бұлардың әрқайсысы жеке-жеке дәуірге бөлінеді. Осы арада тарихта айтылатын тас дәуірі мен алғашқы қауымдық құрылыс аралығында қалыптаса бастаған тарихи білімді түгелімен 1-ші дәуірдің үлесіне кіргіземіз. Осы дәуірдегі тарихи білім нышандары табиғат құпияларын білуге ұмтылу сияқты философиялық ұғым шеңберінде бой көтере бастайды. Ал тарихтағы сақ-үйсін дәуірі мен түркі дәуірі аралығында дами бастаған тарихи білімді 2-ші дәуір үлесіне кіргіземіз. Бұл дәуірдегі тарихи білім нышандары философиялық ұғымдағы зерденің төменгі сатысы-пайымдау арқылы мүмкін болады.

2-ші бағыт (ғылымға дейінгі тарихи білім) үлкен бір кезең барысында қалыптасқанмен, бұл кезең 3 дәуірге бөлінеді (III-IV-V дәуір). 3-ші дәуір қазақ жеріне арабтардың келуінен Ақ Орданың дүниеге келуі аралығын қамтыса, ол философиялық ұғымдағы дін арқылы болжау нәтижесінде болған тарихи білімді дүниеге әкелді. Осы 2-ші бағыт ішіндегі 4-ші дәуір қазақ хандығының қылаптасуынан бастап, Ресейге еріксіз бодан болған тұстағы ұлттық тарихи білімнің пайда болуын философиялық ұғымдағы зерделеудің нәтижесі деп түгінгеніміз жөн. Ал 2-ші бағыт ішіндегі 5-ші дәуірдегі ұлттық тарихи білім, ұлт-азаттық қозғалыстар арқылы бой көтеріп, «зар-заман» ақындары арқылы қазақ-демократ-ағартушыларының көзқарастарына ұласса, бұл үрдіс философиялық түсініктегі зерделі сын арқылы жүзеге асты.

3-ші бағыт (ғылыми-теориялық тарихи білім) 2 кезең және 2 дәуірге бөлінеді. Мұндағы 1-ші кезең, 6-шы кеңес дәуірі кезінде саясат арқылы жүйелі жолға түсіп, 1935 жылдан бастап идеологиялық жағынан қыспаққа алынған тарихи білім. Ал есеп бойынша, 5-ші соңғы кезендегі ұлттық тарихи білім 7-ші тәуелсіздік дәуірімен бірге келіп, қайта жаңғырып отыр.[3]

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін 1995 жылы дүниеге келген «Қазақстан Республикасында тарихи сананы қалыптастырудың тұжырымдамасында» Қазақстандағы тарихи білімнің іргелі принциптері айқындалып, негізгі басымдықтары анықталды. Ақыры Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 1998 жылдың «Отандық тарих жылы» деп жариялануының өзі еліміздің динамикалық дамуына, ұлтттық мәдениеті мен руханиятының өсуіне, қазақ халқының сана сезімінің жандануына арқау болып, жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарды шығаруға жол ашып берді.

Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің 1998 жылғы 21 тамыздағы № 465 бұйрығымен бекітілген қоғамдық гуманитарлық пәндер циклына арналған Қазақстан Республикасы орта білім мемлекеттік стандартының бірінші кітабында тарихи білімнің сипаты былай түсіндірілген: «Қоғам мүшелерін қажетті дәрежеде тарихи білімммен қаруландырмай, оларда тарихи сананы қалыптастырмай, ешбір мемлекет тарихи дамудың жоғарғы сатысына жете алмайды». Бұл стандартта тарихи білім мазмұнын іріктеуде ұлттық деректердің басыңқы болуына көңіл бөлініп, ғылымда ұзақ уақыт бойы үстемдік еткен Европацентрлік ұстаным мен коммунистік идеологияның солақай саясаты сыналды. Бұның өзі Тәуелсіздік жағдайындағы тарихи білімнің құрсаудан шығуына көмектесіп, оның ұлттық белгідегі өрісін кеңейте түсті.[4]

Ал 2002 жылы Қазақстан мектептеріне арналған жаңа стандарт бойынша мектепте «Тарих» пәнін оқытудың жалпылы мақсаттары ықшамдалып, отандық тарихты оқыту арқылы оқушыларға бүкіл адамзат жасаған құндылықтар мен мәдени-тарихи тәжірибенің нәтижелерін табыстап, меңгертудің барысында олардың санасында жүйелі білім негіздерін қалыптастырудың жолдары қарастырылған. Стандартта діннің тарихтағы қызметін дұрыс түсіне білуге тәрбиелеу міндеттері көрсетіліп, «Тарих» оқу пәнінің оқытатын нысандары нақтыланумен бірге, оның таяудағы даму болашағы айқындалған. Жаңа тарихи сана қалыптастыру ісіне Елбасы көңіл бөліп, бағыт-бағдардың кең болуын еске салды: «Бүгінгі таңда біз, әлеуметтік даму динамикасын ескермесек, өзгелердің даму қарқынына қарап отырмасақ, тарих шеруінің соңында шаң қағып қалуымыз әбден мүмкін».[5]

Н.Ә. Назарбаевтің бұл сөзі қазіргі әлемдік мәдениет дамуының «Мәдениет- Білім- Тарих» болсын деген ұсынысымен де үндеседі. Қазіргі кезде тарихты оқытудың мақсаттарын айқындау одан әрі жалғасуда. Соған сәйкес мынадай міндеттерді атауға болады:
– ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды құрметтейтін, табиғаттың мәдениеттің және қоршаған ортаның байланыстарын қорғау қажеттілігін сезіне білетін отансүйгіш азамат тәрбиелеу;
– оқушыларды қоғам мен адамзаттың ежелгісімен, бүгінімен таныстырып, оларды өткен бабалардың әлеуметтік, адамгершілік тәлім-тәрбиесін ұғынуға бейімдеу;
– қазіргі қоғамға кіріккен және жетілдіруге ұмтылытын тұлға қалыптастыру;
– тұлғаны ұлттық және әлемдік мәдениетке кіріктіруге бейімдеу;
– тарихи білімдер мен әдістерді қолданып, қоғамдық ойдағы жаңа мағлұматтарды өз позициясы тұрғысынан сын көзімен бағалап, талдай алу дағдысын қалыптастыру.
Тарихты оқытудың негізгі факторлары оқу процесінде кешенді түрде жүйемен іске асады. Жүйе дегенміз – өзара әрекеттесіп, тығыз байланыста болып, белгілі біртұтастық, бірлік құрайтын бөліктердің жиынтығы. Оқу факторларының ішкі тұтастық қасиеті оқыту процесіне дұрыс ықпал жасап, оның сапасының жақсаруына жол ашады.
Мектепте тарихты оқытудың мазмұны тарих ғылымының дамуы барысында өзгеріп отырады. Әдістеме отандық және жалпы тарихтың негізгі оқиғалары, фактілері мен құбылыстарын таңдауға, теориялық жинақтау мен анықтамалар қалыптастыруға көмектеседі. Мектепте оқыту үшін таңдап алынған тарихтың мазмұны мемлекеттік стандарт, бағдарлама, оқулық түрінде көрініс табады. Оқушылар ол мазмұнды сыныптық, сыныптан тыс және мектептен тыс оқу түрлерін қамтитын оқытуды ұйымдастырудың әдістемесі арқылы меңгереді.
Әдістер әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, сөздік, баспа-қолжазбалық. Олардың мәні қалай оқыту керек деген сұраққа жауап беріп, мұғалім мен оқушының бойында екі жақтық әрекетін айқындайды. Жақсы жолға қойылған оқытудың әдістемесі оқушылардың бойында тарихи білім мен танымдық дағдыларды қалыптастырып, дамытуда тиімді нәтиже береді.
Әдіс, тәсілдер мен оқытудың түрлері, сабақ типтері, сабақ үстінде мұғалім әрекеті мен оқушының оқу құралдары тығыз байланысты. Оқу жұмысының құралдарына оқу процесін қамтамасыз етуге керекті оқулық, жұмыс дәптері, тарихи карта, т.б. сияқты заттарды жатқызамыз.[6] Оқу материалы мазмұнының, тиісті оқыту әдістемесінің ұйымдастырылуы және оқушылардың танымдық қызметі негізінде оқушылар оқыту мақсатына қол жеткізеді.
Оқушылардың танымдық мүмкіндіктері оқушының жасына және соған сәйкес тарихи білім мен дағдыны игеру деңгейіне тікелей байланысты. Тарихи танымға ұмтылуға күш жұмсау тұлғаның ойлауын, қиялын, ерік-жігерін және сезімдік қасиеттерін дамытуға айтарлықтай ықпал жасайды. Оқу процесінде оқушылардың қолдану қабілеті дамиды.
Оқыту нәтижелері алға қойған мақсаттарды іске асырумен тікелей байланысты. Ол оқушылардың қол жеткізген білім мен дағдысының, олардың интеллектуалдық, эмоциялық және ерік-жігерінің деңгейін танытады. Білімін дәлелдеу және негіздеу, ең бастысы бөліп алу, себеп-салдарлы байланыстарды анықтап, қажетті білімді қолдана алудан көрінеді.
Оқыту нәтижиелері мына деңгеймен өлшенеді:

1) 5-11 сыныптардағы бір сабақта, бір тақырыптағы бірнеше сабақта немесе бөлімдегі, тараудағы, курстағы, бүкіл курстағы алған тарихи білім;

2) ғылыми көзқарастың қалыптасуы;

3) тарихты оқыту процесінде оқушыларды тәрбиелеу;

4) оқушылардың танымдық мүмкіндіктерін дамыту.

Соңғы жылдары білім сапасы тест көмегімен бағалануда. Оның есесіне оқушылардың алған білімдерінің практикалық қызметте қолдану қабілетін бағалайтын тапсырмалар аз қолдануда. Тарих сабақтарында мұндай тапсырмалар қарапайым дерек көздері және құжаттарды зерттейтін зертханалық сабақтар жүргізумен тікелей байланысты. Оқушылар сабақтан бос уақытында мұражай мен мұрағаттағы жұмыстары негізінде баяндама, реферат, ғылыми мақала дайындауы да тарихи білімін бағалаудың өлшемі болуы тиіс.
Әлемдік талғамдарға сай қимылдау үшін тарих емес мамандықтарда Отан тарихын оқытуға қойылатын талаптар мен оқытудың ерекшеліктері қазірдің өзінде байқалып отырған жас ұрпақ сана-сезіміндегі түрлі қауіптермен байланысты. Кеңес дәуірінде жоғарғы мектепте өзінің ұлттық тарихын білуге орын жоқ болды. Осыған орай ақылды балалардың көбі өзінің рухына жетімсіздігінен бүгінгі тәуелсіздік заманның салмағын көтеруге дәрменсіз болып шықты. Себебі ауыл жастарына нарық әкелген объективтік себептер туындатқан бүгінгі көңіл-күй олардың арасынан қылмыскерлер мен бұзақыларды көптеп шығаруда. Ең өкініштісі, өз халқының тілін білмейтін, тіпті оны ерсі көріп, жат санайтын, сөйтіп басқа тілдің жетегіне еріп, санасында басқа түсінік қалыптастырып, ұлттық намысын жоғалтатын тәрбие жолына түсе бастаған жаңа буынның әкімшіл тобы бәрінен де қауіпті. Демек, бұл, мемлекеттік дәрежеде ойланып, жастарды, әсіресе ауыл жастарын, оқыту мен тәрбиелеудің арнайы заң жобаларын әзірлеп, халық талдауына беруді қажет ететін күрделі мәселе.

Мектеп жасындағы Қазақстан жастарын Отанға берілген нағыз патриот етіп тәрбиелеудің бір жолы болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің ұлттық тарихи білімді жан-жақты меңгеруі арқылы шешіледі. Ал бастауыш сыныптағы тарихтан бастапқы түсінік беретін «Ана тілі», «Дүниетану» пәндердің мазмұнына ұлттық тарихқа қатысты материалдарды молынан ендіру мен оларды оқыту әдістемесінің жасалуы тарихшы ғалымдардың қамқорлығына алынса, баланы тарихпен тәрбиелеудің тағы бір жолы ашылған болар еді.[7]

Отан – адамның туып өскен жері, елі, мекені. Адамның азамат болып қалыптасуы, өмірі Отанына қызмет етумен байланысты. Біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасы. Ондағы әрбір адам осында мекендейтін халықтар мен ұлтын сүйе білсе, бұл Отаншылдық болып табылады. Отан сөзі «отар» ұғымының қырларын әшкерелеген сайын қасиеттеле түседі. Отан жөнінде ой тапшылығында Отандық тарихи білімді объективті қалыптастыру ерекше маңызға ие болуда.[8]

ХХ ғасыр басындағы қазақтың ұлт зиялылары оқытудың жаңа әдіс-тәсілдеріне, жастардың жаңа бағдарламалар арқылы білім алуына, ғылыми дидактикалық қағидаларға бай оқулықтар жазуға ерекше назар аударды. М. Дулатов «балалардың оқыған нәрселерін бір-біріне байланыстырып ойлануына, оқып шыққанын кейін жадында жүйелі һәм толық мағынасымен қалдыруға әрекет ету керек» десе, М. Жұмабаев оқу әдістемелік мәселелерге ерекше назар аудара келе «оқу құралдарының мінезі – мектеп мінезінің айнасы» – деп ұлттық оқулықтар теориясына көңіл аударды. Ұлт зиялылары қандай пәндерге арналған оқулық болмасын, ол тек ғылыми мағлұмат қана беріп қоймай, шәкірт бойында елге, жерге, ұлттық салт-дәстүрмен отандық ғылыми жетістіктерге дейін сүйіспеншілік сенімін қалыптастыруға негізделу қажет деп көрсетті.

Ұлтты сүю- ұлтшылдық емес (Бауыржан Момышұлы). Сондықтан ұлтжанды адам- өз ұлтының тегі мен тарихын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, ділін, тілі мен дінін ардақтап, өмірінің соңына дейін қастерлей білетін адам. Бұның бәрі, негізінен, адамға ұлттық тарихи білім арқылы қалыптасатын құндылық болып табылады.

XXI ғасырдағы әлемдегі жоғары білімнің жаңа, ізгілікті міндеттерінің бірі- үздіксіз зерттеу арқылы тарихи білімді жетілдіру болса, оған ұлттық және аймақтық мәдениетті дамыту жолдарымен жетеміз. Бүгінде БҰҰ, ТҮРКСОЙ, ЮНЕСКО сияқты халықаралық ұйымдардың ұсынып отырған тиімді тәсілі де осы. Қазақстан Республикасы оның маңыздылығына ерекше мән беріп, «Қазақстан- 2030» даму стратегиясында атап көрсеткендей, мәдениетті жете бағаламау- өркениетті былай қойғанда, азаматтық қақтығыстарға қарай жетелейді- деп көрсетіп, өз Конституциясында азаматтарды мәдени мұраларды сақтауға қамқорлық жасауға міндеттеді. Егер тарихи білімді мәдениеттің бір бөлшегі деп қарасақ, мұндай шаралар Қазақстан Республикасы тарапынан тарихи білімнің әлемдік рөлімен санасудың белгісі болып табылады.[9]

Білім- философиялық ұғым. Ал тарихи білім- тарихтың тарихилығы, тарихи ойлау, тарихтану деп бөлінетін тарих ғылымының бір тармағы. Бұл мәселе- әлі күнге тақырып жағынан да, проблема жағынан да теориялық тұрғыдан Қазақстан тарихнамасында арнайы зерттелмеген жаңа құбылыс.

Қорыта келгенде тарихи білімді шынайы дамыту арқылы ғана бүкіл ел экономикасын тұрақты жылжытуға қуатты қарқын қосамыз. Мұның өзі бәсекеге қабілетті дамыған елу елдің қатарына таяу жылдарда-ақ қосылуға жол ашады. Сонымен бірге, төл тарихты білудің арқауында қазақ халқының тағдыры, оның өсіп-өркендеуі, ұлт ретінде жойылып кетпей, ел ретінде қалып, тәуелсіздікті сақтап қалудағы асыл мұраттары жатыр.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  •       Садықов Е. Тәуелсіздік  тірегі-тарихи таным/ Қазақ тарихы, 2003, №2, 42б
  • Алдамжаров З.А. Тарих: пайымдау мен тағылым. – Алматы: Арыс, 2002. – 288 б.
  • Берлібаев.Е.Т. Төл тарихын оқытуда ұлттық және аймақтық мәдениетті дамыту жолдарын іздестіру // Современность: мир мнений философский альманах. – Алматы: Абай атындағы АлМУ, 2002. – № 2(8). – 86-90-бб.
  • Бейсенбекова, Н. А. Отандық тарихты оқытудағы ұлттық ұстанымдарының кейбір мәселелері// Қарағанды ун-тiнiң хабаршысы.Тарих, философия сер.= Вестник КарГУ.Сер.история – 2010. – №4. – С. 79-82
  • Тұрлығұл Т. Мектепте Қазақстан тарихын оқыту теориясы мен әдістемесі. Алматы, 2004, 260 б
  • Кентбеков С.К. «Проблемы историографии и основные принципы периодизации истории досоветского Казахстана». Автореферат диссертации канд.истор.наук. Алматы, 1997. 3-8с.
  • Арынов Ж. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғ. басындағы Қазақстан тарихын кезеңдерге бөлудің методологиялық-теориялық мәселелері. Тар.ғыл.канд. ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған диссертацияның авторефераты. Алматы, 2007. 9-12бб.
  • Әбжанов Х.Отан тарихын кезеңдерге бөлу мәселесі. /Отан тарихы, 2003, № 1, 45-51бб.
  • Қазақстан Республикасында тарихи сана қалыптастырудың тұжырымдамасы // Егемен Қазақстан. – 1995. – 30 маусым.