КӘСІПТІК БІЛІМ БЕРУДЕ РУХАНИ АДАМГЕРШІЛІК ҚҰНДЫЛЫҚТАР АРҚЫЛЫ БОЛАШАҚ МАМАНДАРДЫ ДАЯРЛАУ

Опубликовано Опубликовано в рубрике Тарих
Назар аударыңыз:
Егер де материал көшірілетін болса, авторды мен сілтемені көрсетуді ұмытпаңыз. Материал авторлық.

Ниязова Асель Сабырқызы, мұғалім

Н.К. Крупская орта мектебі, тарих және география пәнінің мұғалімі

Әлемдік білім беру кеңістігіне бағытталған білім берудің негізгі мақсаты: білімді меңгеріп қана қоймай, білік пен дағды арқылы дербестік, ізденімпаздық, дені сау, өзгермелі жағдайда білімді де білікті жасөспірімдерді жан-жақты жеке тұлға ретінде даярлау. Осы мақсаттарды іске асыруда бүгінгі мектеп оқушыларына қойылып отырған мәселелер күн сайын талаптануда. Өйткені, келешек қоғамыздың басты тұлғасы- бүгінгі мектеп оқушылары. Сондықтан мектепте берілетін кәсіби бағдар жұмыстарының бүгінгі күні маңызы зор болып табылады.

Кәсіби бағдар беру — жас ұрпақты өзіне ұнаған тиісті мамандықты саналы таңдап алуға дайындауға бағытталған іс-әрекеті. Кәсіби бағдар беру арқылы оқушыларды мамандықтар әлемінде, олардың мазмұны, ерекшеліктері, жеке тұлғаға қоятын талаптарын өз бойындағы қасиеттерімен ұштастырып, өндіріс, шаруашылық салаларының даму міндеттеріне, оның нарықтық экономика жағдайындағы рөліне сай саналы таңдалып алынған мамандыққа мүдделілігін тәрбиелеуді қажет етеді.

Кәсіби бағдар берудің негізгі мақсаты – жас ұрпақты саналы түрде мамандық таңдауға дайындау, үйрету екендігі белгілі. Ол үшін мына нәрселер қажет:

— оқушылардың бойында ішкі психологиялық — әлеуметтік мәнділікті реттейтін қызмет түрлерін тәрбиелеу;

— түрлі еңбек қызметтері мен сыйластық қатынастарын тәрбиелеу;

— кәсіпті өз бетінше, саналы түрде жеке қасиеттерін есепке ала отырып орындау бағытын жетілдіріп, тәрбиелеу.

Республикамыздың Конституциясында еліміздің азаматына еңбек етуге құқық берілген, оның ішінде біліміне, қабілетіне, кәсіптік даярлығына сәйкес, 24-бап бойынша «Әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар». Бұл құқық толығымен жүзеге асырылуы үшін еңбек барлық азаматтардың табиғи қажеттілігіне айналуы тиіс [1].

Қазақстан 2015 жылғы білім беру бағдарламасында: Қазақстан Республикасының әлеуметтік, экономикалық және саяси өміріне белсене қатысуға дайын бәсекеге қабілетті тұлға дайындау деп атап көрсетілген, сондықтан оқу тәрбие үрдісінің алдынды тұрған негізгі міндет табысты және тиімді әрекетке дайын өзінің пікірін білдіруге және өзінің іс- әрекетін өмір сүріп отырған қоғам үшін жауапкершілігін түсінуге қабілетті отбасындағы, қоғамдағы, ұжымдағы әлеуметтік ролін сезінетін құзырлы тұлғаны қалыптастыру. Оқушылардың бойында шығармашылық іс-әрекетті, ізденіпаздықты қалыптастыру, жүйелі қорытынды жасай білу, дәлелді пікір айту іскерлігін арттыру, оқу материалдарын сараптау, талдап салыстыру іскерліктерін үйрету қажеттілігі туындайды.

Бүгінгі таңдағы ең өзекті міндеттің бірі –еңбек нарығында сұранысқа ие бола алатын, бәсекелестікке қабілетті кәсіби мамандар дайындау. Жеке тұлғаның әлемдік өркениетке ұмтылып, дүниеге Қазақстан Республикасының іргелі ел ретінде танылуына үлес қосатын білімді, білікті, саналы азаматтар тәрбиелеу. Өздігінше еркін ойлау қабілеті бар, тәрбие – білім беру үрдісін модельдей алатын, білім берудің жаңа технологиялары мен жаңа идеяларын өздігінше іске асыра алатын жеке тұлғаның кәсіби құзіреттілігінің деңгейін арттыру – өзекті мәселе, себебі, біріншіден, кәсіби құзіреттілік тәрбие – білім беру процесінде шығармашыл оқушылардың қалыптасуына дұрыс әсер етеді; екіншіден, өзінің кәсіби қызметінде жақсы нәтижелерге қол жеткізе алады; үшіншіден, кәсіби мүмкіндіктердің іске асуына ықпал жасайды. Бұл міндет білім алушы жастардың шығармашылықтарын арттырып, өздігінен білім алуға және алған білімін іске асыра білуге үйретуді міндеттейді. Осы міндеттерді толығымен қанағаттандыру үшін қазіргі таңда күннен-күнге дамып келе жатқан жаңа ақпараттық құралдардың пайдасы өте зор.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен тәжірибе жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, еңбек нарығында бәсекелесуге қабілетті білікті жұмысшылар мен мамандар даярлау, олардың біліктілігін арттыру» мәселесі аталып көрсетілген [2]. Жалпы білімнің басты үш міндеті бар, олар: баланың өзіндік жалпы дамуын, жан-жақты дүниетанымын қамтамасыз ету және оны болашақ белгілі бір кәсіпке даярлау. Осы үш міндеттің ішінде қоғамдық даму күрделенген сайын баланы жастай алдағы кәсіпке бағдарлай әзірлеу – ең көкейкесті мәселеге айналып отырғаны дәлелденді. Қазіргі кезеңде жалпы білімнің міндеті – баланың жалпылама дамуын қамтамасыз ету ғана емес, ең бастысы оларды жастай өз қабілеті мен қызығуына қарай белгілі бір мамандыққа арнайы бағыттай білу.

Адамның белгілі бір әрекетке бейімделуіне негіз болатын факторлар бөлігіне мыналар кіреді:

– азаматтық қасиеті;

– еңбекке деген қарым-қатынасы, мамандыққа қызығуы;

– тұлғаның кәсіби еңбек бағыттылығы;

– дене және ақыл-ой өрісінің жарамдылығы;

– арнайы қабілеттері (белгілі бір іс-әрекетіне қажетті сапалар);

– білім, дағды, тәжірибе.

Әрбір оқушының сана-сезімі, мінез-құлқы, мәдениеті, өмірге көзқарасы, әр түрлі мамандықтардың ерекшелік сипаттарына қабілеттері бірдей бола бермейді. Олардың өзіндік ерекшелігі — тәрбиесіне, шыққан ортасына да байланысты.

Мектеп – оқушыларға кәсіптік бағдар беру жұмысын ұйымдастырушы және үйлестіруші орталық. Ал мектепте кәсіптік бағдар беру жұмысын негізінен іске асыратын мұғалім, сынып жетекшісі, еңбек сабағының оқытушысы, сыныптан және мектептен тыс тәрбие жұмысын ұйымдастырушы, яғни бүкіл педагогикалық ұжым болып саналады.

Кәсіптік бағдар беру процесінде мамандықтың маңыздылығын ғана көрсетпейді, сонымен қатар тұлға ретінде  рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастырады. Мамандықты таңдай отырып жастар осы мамандық туралы  толық мағұлмат алуы керек. Ол адамдарды  жақсы көре ме? Адамдарға  жақсылық істей ала ма?  Адамдардың күнделікті бақытсыз жағдайларына  төзе алуға дайын ба, сонымен қатар бұл адамгершілік сұрақтарды мамандық таңдағанда шешуі қажет. Мамандығын таңдаған кезде адамгершілікті реттеуді қажет етеді, яғни  қате таңдаудың негативті  салдарын болдырмайды. Солай болғандықтан мамандық таңдау-әрбір адамның өміріндегі маңызды қадам және  әсіресе жастар үшін өзінің күшіне сәйкес саланы таңдау өте қиын. Мамандық таңдау үшін әуестік қызмет ету, мүмкін, болашақ маманның жеке рухани-адамгершілік құндылықтарының өзіндік образдық табиғи байланысын үйлестіреді. Егер адам саналы түрде мамандығын өз қалауынша және тұлғалық құндылықтарға  сәйкес таңдаса, онда  ол үшін моральды  жағынан ауыр болмайды. Тұлғаның өз болмысын тануға көмектесіп, қабілетін ояту, жаңа рухани күш беру білімнің ең маңызды мақсаты болып табылады. Рухани – адамгершілік құндылық-белгілі бір бағытты, мақсатты, жүйені, ұлттық көзқарасты, мінез-құлықтағы адамдық тәртіп пен рухани дағдыны қалыптастыратын жүйе.

Өз еліне адал, халқын қастерлейтін, білімді, саналы, рухани құндылықтарды бойына толық қалыптастырған қоғамда өз орнын таба білетіндей кәсіби бағдар берудің қажеттілігіне басты назар аударылуда [3].

Қазіргі кезеңде он екі жылдық білімге көшуге байланысты, оқушылардың кәсіби мамандық алуына жете көңіл бөлінуде. Заман талабы, уақыт ағысы жастарды кәсіби мамандық алуына итермелейді. Қазір еліміздің экономикасы көтерілген, халқымыздың әл-ауқаты, тұрмыс жағдайы жақсарған кез. «Қазақстан- жас мемлекет, біздің болашағымыз да жастар», – деп Елбасымыз ылғи да жастарға қолдау көрсетіп отырады. Болашақта елімізді өркендетіп, өсіретін де жастар.

Әсемпаз бол ма әрнеге,

Өнерпаз болсаң арқалан.

Сен де бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тап та бар қалан, – деп Абай атамыз айтқандай, мамандықты дұрыс тандай білу дегеніміз – болашақ жұмыс адамға қанағат, қоғамға пайда әкелуі екенін біз түсінуміз керек [4]. Осы бағытта 11- сынып оқушыларының студенттермен «Мамандық таңдау – өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалау» атты кездесу кеші өтті. Бұл кездесу кештің мақсаты: 1. Мамандық таңдау кезеңінде оқушыларға бағыт-бағдар беріп, таңдау мүмкіндіктерін шешу. Оқушыларға мамандық таңдау, олардың әдістері туралы білімдерін, түсініктерін кеңейте отырып, мамандықтарға деген ынта – ықыласын, қызығушылықтарын арттыру. Өз еліне адал, халқын қастерлейтін, білімді, саналы, рухани құндылықтарды бойына толық қалыптастырған қоғамда өз орнын таба білетіндей кәсіби бағдар беру.

  1. Оларды өз пікірін еркін айтуға, басқаның пікірін сыйлай білуге, жүйелі ойлауға баулу;
  2. Жоғары оқу орындары, арнаулы оқу орындарының студеттерімен кездесіп, оқушылардың білім алуға деген қызығушылығын арттыру,ғылымға деген сүйіспеншілікті тәрбиелеу.

Оқушылар қай мамандықты, қандай кәсіп жолдарын таңдауды дұрыс деп шешу мақсатында, әркім өз пікірін білдіріп, ой толғады.

Оқушылар келіп отырған студенттерге сауалдарын жолдайды. (Қонақтар пікірін айтады).

Нәтижесінде: Оқушыларға мамандық таңдау жайлы ақпарат беріп, өзіндік пікірін тыңдап, ойын еркін айтуға баулыдым.

Ісім оңсын десеңіз,

Сол істің маманы болыңыз.

Даңқым шықсын десеңіз,

Көпшіліктің адамы болыңыз. – деп атақты ғұлама Әл – Фараби сөзімен кездесу кешімізді аяқтадым.

Мектеп оқушыларының мамандық таңдауда дұрыс бағыт алу мәселесі мектептің психологиялық қызмет аясында жүргізілетін аса жауапты да маңызды жұмыстарының бірі болып отыр. Бала үшін болашақ мамандықты таңдау өмірлік жолын дұрыс таңдаумен бірдей. Өкінішке орай, біз, балалардың таңдауының ақылмен емес, біреудің сөзіне ере отырып, немесе ата – анасының ықпалымен «қай жерге оқуға түсу оңай» деген көзқарастармен болып жатқанын байқаймыз. Ақпараттың көптігі де, өзін – өзі танудың әліппесі де, оларды қалай пайдалану керектігін білмегендіктен кейде қателесетін жағдайлар жиі кездеседі. Жалпы айтқанда, бүгінгі күні жасөспірімдердің өзін – өзі тану арқылы мамандық таңдауда дұрыс бағыт алуы және оған бейімделу мәселесі туындауда. Яғни, мамандық таңдауда оқушыға өз ақыл – ойымен, дұрыс шешім қабылдау үшін психолог маманның да көмегі керек. Сондықтан  «Мамандық таңдауда қателесуге бола ма?» атты тақырыпта тренинг – сабағын ұйымдастырдым.

Мақсаты: Мамандық таңдауда жауапкершілікті қалыптастыру. Оқушының кәсіби бағдарының табандылығын анықтау, психологиялық дайындығы мен қиындықтан шығу шеберлігін шыңдау.

Күтілетін нәтиже: тренинг соңында оқушылар мамандық таңдау кезінде нақты шешім қабылдауы. Өзіне лайықты, ұнайтын мамандық таңдап, сол мамандықтың қыр – сырын ұғынуы, ең бастысы қателеспеудің жолын таңдау керек.

Психологиялық сәт: «Психогеометрия»- өзін – өзі тану:

Оқушылар өзіңе ұнаған геометриялық фигуралардың кез – келгенін таңдауы тиіс. Әр фигура қандай да бір адам бойындағы рухани адамгершілік қасиетті, қабілетті білдіреді. Әрқайсысымыз өзімізді танып көрелік.

Квадрат. Сенде төзімділік, шыдамдылық, еңбекқорлық дамыған. Өз айналана адамдарды жинап ұйымдастыру, реттеу және жүйелеу қабілетің баршылық. Сенен үздік администратор шығады.

Зигзаг. Сенде әсемдікті көре білу қабілетің жоғары қалыптасқан, сондай – ақ шығармашылық қабілетің, ой – өрісің дамыған. Сенде табиғи өткіройлылық бар, өз айналаңа қабілетті адамдарды жинай аласың. Сені шаблондар, ережелер, нұсқаулар қызықтырмайды. Бастаған істі аяқтауға төзімділіктің жоқтығы бөгет жасайды.

Шеңбер. Сенде адамгершілік жоғары дамыған. Сен өз әріптесінді тыңдай аласың және оның қайғысы мен қуанышын бірге бөлісесің, басқаның ауарпатылығына жәрдемдесу қабілетің жоғары қалыптасқан. Саған жеке адамдар арасындағы кикілжіңдер тән емес, өзіңді олардан аулақ ұстайсың. Сенен үздік психолог шығуы мүмкін.

Үшбұрыш. Саған басқарушылық қасиет тән. Өз көздеген мақсатыңа қол жеткізуге барлық мүмкіншілігіңді жасайсың. Өзіңе сенімдісің және жеңіске, жетістіктерге, ұтыстарға оңай қол жеткізесің. Айтқаныннан шықпайсың, абыройлысың. Сен қоғамда, өмірде жоғары жетістіктерге қол жеткізесің, жұмысыңда жоғарыға көтерілуге бейімділігін бар.

Әр топ өз жауап нұсқаларын береді.

Қорытынды: Ж. Аймауытов айтқандай: «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ, мұның кез келгеніне икемділік қажет, бұл жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе».

Мамандық – қарапайым өмір сүру көзі болып табылатын және қандай да бір дайындықты, жауапкершілікті талап ететін еңбек қызметінің маңызды бөлігі.

Мамандық таңдау – тағдырыңды таңдау деген сөз. Кейінгі өмірде өкінбейтіндей, өз қабілеті мен бейімділігіне сай кәсіп түрін таңдау. Бұл өте жауапкершілікті және маңызды іс. Мамандық таңдауда әр адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне, қалауына сүйену керек. Өз – өзіне «Мен кіммін?», «Осы өмірдегі менің орным қандай?», «Қалай өмір сүремін?» деген сұрақ қоя отырып, жауап таба білу керек. Өз ісіне сенімді дұрыс таңдаған адам ғана жетістікке жетеді, – дей отырып тренинг – сабағымызды аяқтадық.

Кейбір жанұяда ата-аналарының өз мамандығына деген қарым-қатынасы баланың қызығушылығын оятып, болашақта осы мамандықты таңдауға да әкеледі. Сондықтан ата-аналар балаларына өз еңбегі туралы оның қоғамдағы орны туралы жұмысынан алатын рахаты туралы жиі әңгімелесуі қажет. Бірақ балаға міндетті түрде белгілі бір мамандық таңдауға итермелеуге болмайды. Ата-ана баланың мүмкіндігін, икемділігін анықтауға көмектесіп, оны еңбек жолын таңдауға дұрыс бағыт беруі керек.

Баласының болашағынан үміт күткен ата- ана және биылғы оқу жылының болашағынан үміт күттіретін мектеп түлектері, әр мамандық иелері, жалпы жоғары буын оқушылары мен ұстаздар қауымын жинап дөңгелек үстел үйымдастырдым.

Бұл бас қосудың маңыздылығы – мынау нарықтық қарым- қатынас жағдайында өмірге аттағалы отырған жастың көкейінде «кім болам?» деген сұрақ тұр.

Сондықтан  « Мамандықтың бәрі жақсы» атты дөңгелек үстеліміз оларға өмірде жаңылыспай, өз жолын табуға септігін тигізердей етіп, ата-аналар мен оқытышулардың бай тәжірибесін, ой толғаныстарын ортаға салып, ой бөлісейік деген ниетпен өткізілді.

Әрбір ата- ана өзінің баласының ешкімнен кем болмай, өзінің көздеген мамандығына түсіп, өмірде өз орнын тапқанын қалайды.

Ата- аналармен жұмыс.

1- тапсырма

Ата- ананың бәрі бірдей балаға жасынан кәсіби бағдар беріп, икеміне, қабілетіне қарай дүниенің кетігін тауып қалануына баули біле ме?

2-тапсырма:

Өмірде талай жайды көзіміз көріп жүр. Әке- шешесінің арқасында не ішем, не кием деп ойланбай, сапалы білім алуға да мұршасы келмейтіндер де кездеседі. Бар мен жоқтың нарқын білмеген соң, олар оқуға онша бас қатыра бермейді. Колледж бен университетке ата- ананың жетектеуімен барады. Оны бітіргеннен кейін дүбара мамандық иесі атанып шығады. Ондай сапасыз мамандықтар қазіргі кезде керек пе?

3-тапсырма.

Жалпы, біздің бойымызда баланың қабілетіне қарамай, ЖОО сүйрелей жөнелетін әдет бар. Бала қандай кәсіпке икемді, соны қаперімізге алғымыз келмейді. Бүгінгі нарық кезінде көп адам ақшалы жұмыстарды іздеуді көздейді. Ия, сананы тұрмыс билеген заман емес пе? Қарапайым кәсіп түрлеріне мұрын шүйіріп қарайтындар да кездеседі. Осы орайда тартымды – тартымсыз мамандықтар бола ма?

Оқушылар мен ата- аналар өз жұмыстарын жүргізіп жатқанда, әр саланың мамандық иелерін таныстырып өттік .

  1. Кітапханашы: Иманғалиева Зәуре апай
  2. Ауылдың дәрігерлік пункт: Камиева Гүлмира апай
  3. «Айгерім» бала- бақша меңгерушісі: Титанова Болғаш апай
  4. Музыкант- Вереин Николай Петрович
  5. Аймақтық полиция лейтенанты: Айтимов Жалгас ағамыз
  6. Мал дәрігер: Бектлеуов Еркін Ғайнеденұлы
  7. Есепші: Конаева Света
  8. Тігінші: Удербаева Ғалия апай
  9. Тоқ жөндеуші: Сарсенбаев Бөкенбай ағамыз
  10. Аспазшы: Төлешова Қамқа апай
  11. Кәсіпкер: Бисахов Сабырғали ағамыз.

Әрқайсысы өз мамандықтарын бір ауыз сөзбен жарнамалап өтті.

Кештің сонында ата-ана мен оқушыларға жадынама таратылды. («Мамандық тандау бойынша ата-аналарға арналған жадынама», «Мамандық тандау бойынша оқушыларға арналған жадынама»).

Нәтижесінде: оқушыларды мамандықты жүрек қалауымен таңдау өзіне керекті мамандықтың қыры мен сырына үңіле білуге үйреттім. Оқушылардың өмір туралы, мамандықтар туралы көзқарастарын дамытып, алдағы уақытта мамандықты дұрыс таңдай білуге,таңдаған мамандығының өз білімділігімен қабілетіне сәйкес келуіне бағыт бағдар бердім.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауында ауыл шаруашылығына ерекше мән береді. Атап айтсақ, 2009 жылғы халыққа арнаған Жолдауында: «…Біз тауарлы-сүт фермаларын, құс фабрикаларын, мал бордақылау алаңдарын ұйымдастыру мен дамыту, тамшылап суаруды қолдану арқылы жеміс-көкөніс дақылдары өндірісін ұйымдастыру, ауыл шаруашылығы техникаларын жинау жөніндегі өндірістерді құру, ет өңдеу өндірісін дамыту, биязы жүнді қайта өңдеу, қазақстандық астық экспортының инфрақұрылымы және оны терең қайта өңдеу секілді экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту жөніндегі инвестициялық жобаларды қаржыландыруды жалғастыруға шешім қабылдадық», – десе [5], биылғы Жолдауында: «2016 жылдың өзінде ет экспорты 60 мың тоннаға жетеді, мұның құны төрт миллион тонна бидай экспортына тең. Бұл ауылдық жерлерде 20 мыңнан астам жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, 100 мыңнан астам ауыл тұрғындарының кіріскөзіне айналады. Мұның өзі малдың барлық түрінің асыл түліктері мен тұқымдарының бас санын көбейтуге мүмкіндік береді. Бұлардың барлығы сабақтас салаларда – ауылшаруашылық саласына машина жасауда, химия және тамақ өнеркәсібінде, жемшөп өндірісінде, техника жөндеуде өндірісті ұлғайтуға қозғау салады», – деп атап көрсеткен болатын [6].  Әрине, бұл міндеттерді орындау үшін кәсіби мамандар қат. Ал өмір бойы қолын жылы суға малып отырған қала баласының ертең ауылға барып, кетпен, күрек ұстамасы анық. Тіпті ауылдан шыққан жастардың өзі де қалада қалуды мақсат тұтады. Сондықтан мектеп бітірген түлектің кез келгені ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын оқу орнына түсүге насихатау басты міндет.

Сондықтан мамандық таңдау барысында талапкер де, ата-ана да «жеті рет өлшеп, бір рет кескені» абзал.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. ҚР Конституциясы: 2007 ж. 21 мамырдағы №254-ІІІ заңымен толықтырулар мен өзгертулер. –Алматы, Жеті Жарғы , 2007 ж.
  2. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы. Алматы-2008 ж.
  3. Қазақстан Ұлттық энциклопедия. Алматы. 2001 ж. 3 том. 398 б.
  4. Республикалық педагогикалық әдістемелік журнал. 2011 ж., №3
  5. “Егемен Қазақстан” Республикалық газеті” ААҚ, 2006
  6. «Егемен Қазақстан» газеті, 2011 жылғы 29 қаңтар