МЕКТЕПТЕГІ БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ ПӘНІНДЕ ПЕЙЗАЖ

ЖАНРЫ  АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ҚАБІЛЕТІН ДАМЫТУ  

 

Қазақстанда білікті маман, парасатты жеке тұлға даярлаудың нәтижелі болуы студенттің қабілеттілігіне, оның ішінде шығармашылық қабілетін дамыту дәрежесіне тәуелді келеді. Бүгінгі жаһандану, ғаламдану кезеңінде шығармашылық әрекет студенттің жеке тұлғалық білімі мен білігін дамытумен қатар, шығармашылық қабілетін пәнаралық байланыс негізінде қалыптастыруға назар аудару бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Қазіргі таңда үздіксіз білім беру жүйесінде білім беруді дамыту, дүниежүзілік  білім беру кеңістігіне кіру мақсатында елімізде білім берудің жаңа жүйесі құрылып жатыр. Осыған орай Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «…Бізге экономикалық қоғамдық жаңару қажеттіліктеріне сай келетін осы заманғы білім беру жүйесі қажет» делінген. Сол білім беруді дамыту студенттерге мәдени-тарихи құндылықтарды, нормалар мен дәстүрлерді, білім берудің арнайы таңдап алынған мазмұны мен нысандарын беру болып табылады.

Сондықтан да өмірге жан-жақты дайындалған, еңбек сүйгіш, ынталы, шығармашылықпен ойлайтын, интеллектуалдық және адамгершілік тұрғысынан бай, жоғары білімді студентті оқытып, тәрбиелеу қажеттігін дамыту мәселесі тұр.

Бүгінгі күнде пейзаж, яғни табиғат көріністерін тек қазақ әдебиеті сабақтарында көркем-эстетикалық түрде суреттеп қана қоймай, бейнелеу өнері сабақтарында да бейнелі суреттеу басты мақсаттардың бірі болып саналады. Бұл мақсатты нәтижелі жүзеге асыруда мектеп оқушыларының табиғат көріністері, оның ішінде пейзаж туралы түсініктерін қалыптастыру және болашақ ұрпақты тәрбиелеуде көркем-эстетикалық педагогикалық мәселелерін шешу бүгінгі күнде маңызы артады.

Республика бойынша  жалпы білім беретін орта мектептерде бейнелеу өнері сабақтарының оқу жоспарлары мен бағдарламаларында пейзаж тақырыптарын тереңірек суреттеу, нақтырақ айтқанда, болашақ ұрпаққа қазақи бояу түстерімен туған жер, атамекенді, ондағы сылдырап аққан бұлақ, тау мен тастың бейнесі туралы теориялық және практикалық мағлұматтарды пайдалануға жүйелі бағыт берілмеуі және проблеманың теория жүзінде жеткілікті зерттелмеуі, зерттеу тақырыбының көкейкестілігін дәлелдейді.

Түптеп келгенде бұл мәселенің маңыздылығы мынада:

1.Оқушылардың пейзаж туралы түсінігін қалыптастыру.

2.Пейзаж көріністерінің қыр-сырын, ерекшеліктерін ажыратуға көмектесу.

3.Табиғаттың құпия сырларын бояу түстерімен композициялық шешімде таба білу арқылы көркем-эстетикалық тәрбие беру.

Жалпы білім беретін орта мектептерде бейнелеу сабақтарының оқу жоспарлары мен бағдарламаларында кескіндеме технологиясы және табиғат көріністеріндегі эстетикалық ерекшеліктер туралы тақырыптарды енгізіп, олар туралы тереңірек суреттеп, баяндау, келешек жас ұрпақ санасында   жақсы ой қалдыру, оның қарапайым тоқылу әдістерімен таныстырып өту. Пейзаж өнеріне деген сүйіспеншілікті ояту. Егерде келешек, өсіп келе жатқан жас ұрпақ табиғат сұлулығындағы әдемілікті көре білсе, сүйсіне білсе, онда болашақта ол жамандықты айыра алатын болады.

Осы тұрғыдан келгенде, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының табиғат көріністерін суреттеген поэзиялық шығармашылығын қылқаламмен жандандыра түсіп жаза білу, оны мектеп бағдарламасына кірістіру – маңызды мәселелердің біріне айналмақ. Соның бірі – Абай әндерінің шоқтығы биік туындысы «Желсіз түнде жарық ай» шығармасы. Әуендік қасиеті, құрылыс бітімі, мазмұндық ерекшелігі жөнінен Абай әндері қазақ ән өнерінің жаңа да жарқын беттері ретінде бағаланады.

«Абайдың композиторлық еңбектерінде де ақындық еңбегі сияқты өзіне тиісті үлкен, жаңа өзгешеліктер бар.Бұрынғы ауызша әдебиетке Абай көп еліктемей, жалпы сөз қорын пайдалана отырып «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» деп, жаңа түрлі өлеңдер шығарады…

Шырқауы, айғайы аз, көбінесе күйіне ұқсаған қоңыр баяу әндер туғызады… Бұл да өзінше жаңа жол табам деп, нық іздеудің нәтижесі. Абайдан қалған мәдени мұраның бұ да бір күрделі, үлкен саласы болып саналады»,  – деп жазды Мұхтар Әуезов.Асылы, адам баласының шексіз сезімі сөздің өресі жетіп тоқтаған жерден әрі қарай ән-күй болып жалғасатын секілді. Абайдың өзі айтқандай:

«Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,

Оның тәтті оралған мәні оятар.

Кейі зауық, кейі мұң дертін қозғап,

Жас балаша көңілді жақсы уатар».

Тіл жеткізе бермейтін небір нәзік сезімдермен ән табыстырады. Алайда бұл әнді естіген сәттегі бергі сезім сияқты. Жеңіл әсер тәрізді көрінеді. Егер белгілі бір әнді тыңдағанда сол әннің шыққан заманын, сол әнді шығарушы адамның өмір-тынысын, сонан соң, сол әннің шығу себебін білсеңіз міне, сонда ғана ән шын мәнінде өзінің ең шегіне жеткен болмыс-сырымен жүректе жаңғыруға тиіс. Бұлай болмаған күнде, қандай бұланай ән болса да тыңдаушының қарақан басындағы күйініш-сүйінішпен үндесіп қана тынады.Демек, ондай тыңдаушы Біржан, Ақан, Абай, Мұхит, Ыбырайлар көтерілген биік сезімдердің дәміне тұшына алмайды деген сөз, солар бастан кешкен тарихи-әлеуметтік жағдаяттарға ойлы көзбен үңіле алмайды деген сөз. Сондықтан жақсы әннен шын мәнінде эстетикалық ләззат алып, рухани биік сатыға көтерілу үшін сол әннің шығу тегіне, шығарушының болмыс- жайына қанық болудың пайдасы айрықша.

Міндетті түрде адам мен табиғаттың бойындағы сұлулықты сезініп түсінуге мүмкіндік туғызатын бірден-бір тәрбиені ата-ана мен мүғалімдер беретін болса, әсіресе ұлттық нақыштарға суретшілер иллюстрациялары жоғары деңгейде өтетін практикалық білім беруге бірге, қызықты да тартымды етіп еткізсе, оқушының сабаққа деген ынтасы, сұлулыққа деген сұранымы жоғары болады. Ол үшін бүгінгі күннің техникасын дұрыс қолдана алатын, жан-жақты білімді, мәдениетті мұғалім керек. Болашак ұрпақты көркемөнерге бейімдеуге, еңбекке баулуға, жан азығын молайтуға, қабілеттері мен іскерліктерін жетілдіретін ұстазды нағыз ағартушы мұғалім деп атай аламыз.

 

Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті

Тарих-педагогика факультеті

Бейнелеу өнері және сызу мамандығының 4курс студенті Қабидолла Жансая

%d такие блоггеры, как: