Тәрбиеге байланысты менің көзқарасым

Опубликовано Опубликовано в рубрике Өзін-өзі тану

Назар аударыңыз:
Егер де материал көшірілетін болса, авторды мен сілтемені көрсетуді ұмытпаңыз. Материал авторлық.

№198 жалпы білім беретін мектеп
7 «Ә» сыныптың жетекшісі
физика пәнінің мұғалімі: Нұрбекова Г. А

 

Эссе

«Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата,

жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады»

А. Құнанбаев

 

Тәрбие арқылы адамның тағдыры шешілетінін, оның білімді тұлға болып қалыптасатынын, еліміздің берік тірегі болатынын көрсетеді. Бала тәрбиесіне, келер ұрпақ тәрбиесіне қай елде, қай кезеңде болмасын тек ұстаздар қауымы ғана жауапты болып қана қоймай, халықтың өзі  үлкен мән берген. Оған дәлел ежелгі қазақ елінің салт-дәстүр ұстанымы. Бала-біздің болашағымыз. Ол үшін баланы жақсы, жаман деп бөлмей ел болып бірігіп, аяғынан нық тұруға бірлесіп көмектесуіміз керек. Бау-бақшаны қалай күтіп суарсаң солай жемісіне кенелерсің. Сол сияқты ата-ана тарапынан, ұстаз тарапынан баланың теріс мінезін үнемі қадағалап, түзету қоршаған орта, яғни қоғамның міндеті. Шындығына келсек ең бірінші тікелей ана мен әкенің тәрбиесіне байланысты. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген қазақтың мақалының астарында үлкен мағына жатыр. Алайда, менің жұмысымның барысында көп байқайтыным ата-аналар бала тәрбиесі көзқарастарында қателіктер байқалуда. Әрине бес саусақ бірдей емес , ата-аналардың ішінде білімі мен біліктілігі өте жоғары, дұрыс тәрбие бере алатын ата-аналар да жоқ емес. Кейбір ата-аналар: «Баламды киіммен, тамақпен қамтамасыз етем, білімі мен тәрбие беру-мектептің ісі» деп түсінетіндері де бар. Бала тәрбиесіне ұстаз бен ата-ана бірігіп жұмыс жасаса, қоғамдық орта үшін екіжақты тиімді болар еді.

Еліміздің егемендігін алып, тәуелсіздік туы биік көтерілген кезеңде балаларды қоғамның лайықты ізбасары етіп тәрбиелеу, келер ұрпағымыздың біз берген тәрбиені келесі ұрпаққа дұрыс жолмен жеткізу үшін ұстаздар тарапынан оқу, тәрбие жұмыстары бүгінгі ұстаздардың жұмысын көбейтіп, ұлттық тәрбиені дамытып, ұлағаттылыққа баулып отыруымыз қажет. Бүгінгі заман талабына сәйкес оқушылардың оқу процесін үнемі өзгертіп, жаңартып, дамытып отыр. Осыдан ұстаздарға бұрынғыдан да көп жауапкершілік артуда. Мектеп-сан алуан адамдардың жинақталған қоғамдық орны десек, мұнда тәрбие түрлерінің сан алуан түрлері іске асырылады.

Екінші жағынан бала тәрбиесіне бір жақты ата-ананың, яғни отбасының алатын орны ерекше деп шешім шығаруға болмайды.           Тәулігінің 2/4 уақытын қоғамдық орта, яғни мектепте өткізетін оқушы мұнда да өз білімі мен тәлім-тәрбиесін алады. Мектеп пен ата-ананы байланыстыратын мұғалім, соның ішінде сынып жетекшінің алатын орны ерекше. Балаларға тәрбиелік жұмысты жан-жақты қарастырып, тиянақты көрсететін тұлға-сынып жетекші. Қазіргі заманның басты мәселесі-бала тәрбиесі.

Мысалы, оқушы мектепке келген кезде тәрбиелі, таза болып өссе, жоғарғы буынға өткенде өзгеріп сала береді. Сол кезде неге мұндай болды, неге озбырлық пен жауыздыққа бейім болды деген сұрақтар туады. Негізінде осы тұста ата-ана мен ұстаздың балаға деген жүрек жылуы өте қажет болады.  Адамгершілік, шыншылдық үлкен мен кішінің арасындағы шынайы қарым-қатынас арқылы  баланы тәрбиелеу  осы кезеңде басталуы шарт. Менің ойымша мектепте жақсы тәрбиеленген, саналы білім алған оқушы келешекте өмірден өз орнын табатынына сенемін.

Сондықтан ұлтымыздың салт-дәстүрін бағалай отырып, ұлттық тәлім-тәрбиеге, адамгершілік әдетке, рухани мәдениетке баулу қажет.

«Әр адам-өз заманының баласы» демекші қазіргі қоғам ұрпақты жан-жақты креативті, құзіретті тұлға ретінде тәрбиелеуді талап етуде. Қазіргі таңда адамды заман билейді.

Бала тәрбиесінде ата-ана ролін қарастырсақ. Мысалы: ата-ана баланың көзінше  отбасында өздерінің күнделікті жұмысы, тындырған ісі, артық ауыз сөздерімен баланың алдында әңгіме айтады. Бірте-бірте сол әңгімелеріне балаларды да қосып, жанұялық жаңалықтарын айта бастайды. Осылайша бала тәрбиесі шетінен қалыптасады. «Жанұяға қарап бала өседі, қарағайға қарап тал өседі» деген мақал осыған байланысты айтылғандай. Ата-ана баламен тілдескенде бейауыз сөз, дөрекілік қолданбай мейірімді, табиғи жылы, ақылды сөздерін айтып тәрбие берсе табысқа жетер еді. Кейбір ата-ана баласын қатал тәртіппен ұстағысы келеді. Мұндай жағдайда бала уақытша қорыққаннан тыңдайды. Бірақ мұндай жағдайда ата-ана қолынан босап шыққан бала, өзін-өзі ұстай алмайтын халге жететін болады.

Сондықтан осы тұста сынып жетекші балаға ата-ана бермеген тәрбиені ақылмен тиімді сәтті пайдалану қажет. Сынып жетекші материалдық жағдай жасамаса да, оның өміріне қажеті адамгершілік, рухани азық болатын тәрбиемен қамтамасыз ету керек. Баланың әлсіз жағын іздеп бетіне басып айтпай, ата-анамен байланысып, қарым-қатынас жасау қажет. Ата-анамен байланыста болудың ең жақсы жолы мектептегі іс-шара мен ата-аналар жиналысы, ашық есік күндерін ұйымдастыру. Имандылық пен инабаттылыққа тәрбиелеудің бірден-бір жолы сынып жетекші, мектеп психологы, мектеп инспекторы, пән мұғалімдерімен біріге отырып оқушыларға ақыл-кеңестер беру өз нәтижесін береді. Ата-ананың міндеті- оқушыны қадағалау, қанша сабағы болғанын, күнделікті немен шұғылданатыны, қаншада қайтатынын, қандай мәселеден қиналатынын біліп отыру қажет.  Мектеп пен ата-ана ынтымақтаса барлық мәселені шешіп отырса, тиісті көлемде көңіл бөлінсе, оқушыға  дұрыс пікір қалыптастырса, келешектің шын жанашыр, арқа сүйер азаматтарын тәрбиелеп шығатыны сөзсіз. Ұстаз шәкіртке құрметпен қараса, шәкірт ұстазын сыйлайды.

Менің ойымша болашағымызда керемет білімді ұрпақтың заманы келе жатыр, сондықтан баланы бүгіннен дұрыс қалыптастырсақ, жас ұрпақты сапалы білім мен саналы тәрбиемен сусындатса, сынып жетекшінің болашағымызға үлкен жол ашқаны болып саналады.

Менің ұрпағым еңбекқор, адал, көп оқыған, адал, тәрбиелі де ибалы болып өседі. Мен оған сенемін!